Батыс Қазақстанда онколог мамандар жетіспейді

ОРАЛ. KAZINFORM – Қазақстанда жыл сайын қатерлі ісіктен 13 мыңнан астам адам көз жұмады. Қазіргі кезде аталмыш дертке шалдыққан 218 мыңнан астам қазақстандық есепте тұр.

онколог
Фото: freepik.com

БҚО онкологиялық диспансері директорының орынбасары Нұрлан Төлемісовтің өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте мәлім еткеніндей, елімізде онкологиялық аурулардан болатын өлім-жітім көп тіркеледі. Жалпы өлім көрсеткішінде екінші орында тұр.

Оның сөзіне қарағанда, Қазақстанда онкологиялық көмек көрсетуді жақсарту мақсатында кешенді жоспар мен жол картасы қолға алынған.

«Облыста барлығы 25 онкологиялық және 130 тексеру кабинеті (98-і – әйелдер, 32-сі – ерлер) жұмыс істейді. Жергілікті жерлерде жұмысты ұйымдастырудағы негізгі проблемалардың бірі кадр тапшылығы болып қалып отыр. Алғашқы медициналық-санитарлық көмек деңгейінде негізгі қызметкер –12 онколог дәрігер (48 пайыз) және 13 қосымша атқарушы дәрігер (52 пайыз) қызмет атқарады. Орал қаласындағы төрт емхана мен «Батыс АвиГип» ЖШС-да бес, аудандық ауруханаларда 8 онколог маман жетіспейді. Өңірдегі жағдайды жақсарту үшін кадрларды даярлау, қызметке жас мамандарды тарту бойынша жүйелі жұмыс қажет», дейді Н.Төлемісов.

Оның айтуынша, облыстық онкологиялық диспансердің өзінде сарапшы-дәрігер, ахуалдық орталық дәрігері жоқ. Дегенмен диспансер 4 жас маманмен толықтырылған.

«Медициналық ұйымдардың алдында тұрған маңызды міндеттердің бірі – қатерлі ісікті ерте сатыда анықтап, оның асқынуына жол бермеу, өлімнің алдын алу. Жыл басынан бері тіркелген қатерлі ісік ауруы (1 218) өткен жылғы осы кезеңмен салыстырғанда, бір деңгейде қалып отыр. Соның ішінде 363-і немесе 30,6 пайызы (Қазақстанда – 31,5 пайыз) ерте сатысында анықталды. Онкологиялық ауруларды ерте анықтау үшін медициналық көмекке уақытылы жүгініп, профилактикалық және скринингтік тексерулерден өту қажет», деді диспансер директорының орынбасары.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын БҚО-да 600-ден астам қыз баланың адам папилломасы вирусына қарсы егілгенін жазған болатынбыз.

 

 

Соңғы жаңалықтар