Батыс Қазақстанда шығын болған 1 мың малға өтемақы төленді
ОРАЛ. KAZINFORM – Батыс Қазақстан облысында аудандарда құрылған комиссиялар су тасқыны салдарынан 2 457 бас малдың шығынға ұшырағанын анықтады.

БҚО әкімінің орынбасары Қалияр Айтмұхамбетовтің Kazinform тілшісіне мәлім еткеніндей, соның ішінде 368 ірі қара (Бөрлі, Қаратөбе, Сырым, Теректі, Бәйтерек аудандарында), 92 бас жылқы (Бөрлі, Қаратөбе, Сырым), 1 743 қой-ешкі (Бөрлі, Қаратөбе, Сырым, Теректі, Бәйтерек), 116 шошқа (Бәйтерек, Бөрлі) және 138 үй құсының (Қаратөбе, Теректі, Бәйтерек) өлгені тіркелді.
Қалияр Шадиярұлының сөзіне қарағанда, ветеринарлар жергілікті әкімдіктермен бірлесе отырып, мал өлекселерін қазылған жерде өртеу жолымен жойды.
«Өтемақы есебінде 187 млн 491,1 мың теңге қарастырылған болатын. Соның 140 млн 162,1 мың теңгесі сәуір айына, 47 млн 329 мың теңгесі маусымға жоспарланды. Дегенмен ретіне қарай мамыр айында да төлене береді. Күні бүгінге дейін 141 өтініш бойынша аудан әкімдіктері 1 мың бас үшін (177 ірі, 671 қой-ешкі, 46 жылқы, 54 шошқа және 52 үй құсы) 126 млн 912,4 мың теңге өтемақыны төледі», - деді Қ.Айтмұхамбетов.
Оның айтуынша, су тасқыны кезінде құтқару жұмыстары барысында 7 626 бас мал, соның ішінде 2 696 ірі қара (Ақжайық – 360, Теректі – 696, Сырым – 447, Бөрлі – 814, Бәйтерек – 130, Орал қаласы – 249), 3 082 қой-ешкі (Теректі – 864, Сырым – 731, Бөрлі – 1 205, Бәйтерек – 130, Орал қаласы – 152), 1 847 жылқы (Ақжайық – 1 873, Бөрлі – 41, Теректі – 2, Орал қаласы – 21) және облыс орталығында 1 түйе қауіпсіз жерлерге айдалды.
Қазіргі таңда облыста су тасқыны салдарынан келтірілген залалды өтеу жұмыстары жалғасуда.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын БҚО-да тұруға жарамсыз деп танылған 456 үйді қалпына келтіру жұмыстары басталғанын жазған болатынбыз.