Батыс Қазақстанда шомылуға арналған 34 орын белгіленді

ОРАЛ. KAZINFORM — БҚО әкімдігінің «БҚО су объектілері мен су шаруашылығы құрылыстарында жаппай демалуға, туризмге және спортқа арналған орындарды белгілеу туралы» 2018 жылғы 14 ақпандағы қаулысына түзету жүргізілді.

жағажай
Фото: Қонаев әкімдігі

БҚО ТЖД төтенше жағдайларды жою басқармасының бастығы Бақытжан Ихсановтың мәлім еткеніндей, соған сәйкес облыс бойынша шомылуға арналған 34 орын анықталса, соның 13-і – коммуналдық, 21-і – жекеменшік.

Бақытжан Мағзомұлының сөзіне қарағанда, шомылуға арналған орындардың көпшілігі Орал қаласы мен Бәйтерек ауданында. Атап айтқанда, Оралда 3 коммуналдық, 7 жеке, Бәйтеректе 1 коммуналдық, 14 жеке жағажай бар.

Су айдындарының түбін тексеру және тазарту келіп түскен өтінімдерге және бекітілген кестеге сәйкес жүргізіледі.

- Ата-аналардың жауапкершілігін арттыру мақсатында білім басқармасы су айдындарында адамдардың қаза болу статистикасы және қауіпсіздік қағидаларының негізгі талаптары көрсетілген жадынамаларды табыстау жұмыстарын жүргізіп жатыр. Өңірде 39 рамалық-модульдік бассейн бар, оның 21-і қала сыртындағы балалар лагерьлерінде, 18-і мектеп жанындағы лагерьлерде жұмыс жасайтын болады, - дейді Б.Ихсанов.

Оның айтуынша, төтенше жағдайлардың алдын алу мақсатында 81 құтқарушы, 26 жүзу құралы, 3 катер және 14 автомобиль дайындалды. Құтқарушылар шомылу кезінде су айдындарының қауіпті және жабдықталмаған учаскелерін де назардан тыс қалдырмайды.

Департамент қызметкерлері полициямен бірлесіп халық арасында жалпы су айдындарындағы қауіпсіздік қағидаларын бұзуға жол бермеу, сондай-ақ балалардың ересек адамдардың бақылауынсыз болмауы керектігі туралы түсіндіру жұмыстарын тұрақты негізде жүргізіп келеді.

Өткен жылы облыста барлығы 7 адам суға батып кетсе, соның біреуі – бала.

Су айдындарында адам өлімінің негізгі себептері: тыйым салынған және жабдықталмаған жерлерде және мас күйінде шомылу, жүзе алмау, сондай-ақ балаларды қараусыз қалдыру.

Департамент мәліметіне сәйкес су айдындарында қауіпсіздік ережелерін бұзғаны немесе орындамағаны үшін ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 412-бабына сәйкес жеке адамдарға 7 АЕК (27 734 теңге), заңды тұлғаларға 10 АЕК (39 620 теңге), мөлшерінде айыппұл салынады.

БҚО білім басқармасы басшысының орынбасары Саягүл Ғалиеваның нақтылауынша, қазіргі таңда 382 мектепте 126 мыңнан астам оқушы білім алып жатыр. Жазғы кезеңде олардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру және қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілу үстінде. Шомылу маусымына дайындық аясында білім беру ұйымдарында 382 қауіпсіздік бұрышы жаңартылып, судағы қауіпсіздік тақырыбында 1 200-ден астам сынып сағаты мен түсіндіру кездесулері өткізілді.

- Облыстағы лагерьлердің көпшілігі балалардың жазғы демалысын тиімді ұйымдастыру мақсатында 35 бассейнмен қамтамасыз етілген. Бұл балалардың денсаулығын нығайтып, бос уақытын пайдалы өткізуіне мүмкіндік береді. Мектептерде 118 мыңнан астам жадынама мен ақпараттық парақша оқушылар мен ата-аналарға таратылды. Бұл жұмыстарға төтенше жағдайлар департаменті, полиция және медицина саласының мамандары тартылып жатыр. Жаз мезгілінде облыс бойынша қала сыртындағы 16, мектеп жанындағы 365 лагерь мен демалыс алаңы жұмыс істейді деп жоспарланып отыр. Онда 110 мыңнан астам бала демалыспен қамтылады. Балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында су айдындарына жақын орналасқан елді мекендердегі мектептерде қосымша түсіндіру жұмыстары күшейтілді, - деді С.Ғалиева.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын БҚО-да тағы 2 жасөспірімнің суға батып кеткенін жазған болатынбыз.