Батыс Қазақстанда сынама алынған 94 өнімнің 31-і талапқа сай болмай шықты

ОРАЛ. KAZINFORM — Батыс Қазақстан облысында мамыр айында өңірдегі 13 сауда объектісінен бақылау мақсатында 94 өнім сынамасы сатып алынып зерттелді. Оның ішінде 59-ы тағам өнімдері болса, 35-і - тағамдық емес өнімдер.

Зертхана
Фото: Жылыой аудандық СЭБ басқармасы

БҚО бойынша санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Гүлдана Керееваның мәлім еткеніндей, зерттеу нәтижесінде 31 өнімнің белгіленген талаптарға сәйкес келмейтіні анықталды. 

Оның сөзіне қарағанда, соның ішінде 13 сәйкессіздік тағам өнімдерінен, ал 18-і тағамдық емес өнімдерден тіркелді. Анықталған бұзушылықтардың басым бөлігі өнімдерді таңбалау талаптарының сақталмауына байланысты болды.

- Сонымен қатар жарнаманы бақылау бағытында 63 мониторинг жүргізіліп, тағам өнімдерін жарнамалаушылар арасында түсіндіру жұмыстары ұйымдастырылды. Мамандар тарапынан тағам өнімдерінің қауіпсіздігі мен жарнама талаптары бойынша 477 ақпараттық-түсіндіру іс-шарасы өткізілді. Анықталған заң бұзушылықтарға байланысты 7 жедел ден қою шарасы қабылданды, - деді Г.Кереева.

Департамент басшысы орынбасарының айтуынша, тұрғындардың денсаулығын қорғау және тұтынушылардың құқықтарын қамтамасыз етудің маңызы зор. Осы орайда Еуразиялық экономикалық одақтың техникалық регламенттері мен бірыңғай санитариялық-эпидемиологиялық және гигиеналық талаптарына сәйкес келмейтін өнімдердің айналымын анықтау және оған жол бермеу мақсатында мониторинг тұрақты жүргізілуде.

Тұрғындардың өздері де өнім сатып алу кезінде оның таңбалануына, жарамдылық мерзіміне және қауіпсіздік көрсеткіштеріне назар аударған жөн.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын ұнды қажетті дәрумендермен байытудың маңызы қандай екендігін жазған едік