Батыс Қазақстанда соғыс кезінен қалған снаряд табылды
ОРАЛ. KAZINFORM — Батыс Қазақстан облысы Теректі ауданы аумағында снаряд табылды.
Тұрғындардың сөзіне қарағанда, оқиға 9 мамыр күні Ақсуат ауылында болды.
БҚО полиция департаменті баспасөз қызметінің нақтылауынша, алдын ала мәлімет бойынша Екінші дүниежүзілік соғыс кезінен қалған снаряд табылған орынға саперлар жіберілді.
- Қауіпті зат тексеріліп, барлық қауіпсіздік шаралары сақтала отырып, далалық жерде жойылды. Елді мекен тұрғындары үшін қауіп төнген жоқ, - деп хабарлады ведомстводан.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Батыс Қазақстанда Азамат соғысынан қалған артиллериялық снаряд табылғанын жазған едік.