Батыс Қазақстанда су басқан жолдар қалай қалпына келтіріліп жатыр

жол
Фото: БҚО жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы

ОРАЛ. KAZINFORM – Батыс Қазақстан облысында тасқын кезінде жолдарды су шайып немесе жырып кеткен болатын. Қазіргі кезде бұл жолдар не күйде? Қалпына келтірілді ме? Міне, осы орайда БҚО жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Бауыржан Айтмағамбетов Kazinform тілшісіне әңгімелеп берді.

жол
Фото: БҚО жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы

Басқарма басшысының мәлім еткеніндей, биылғы көктемде 31 автокөлік жолының 65 учаскесіне су шығып кетті. Сондай-ақ 30 автокөлік жолының 74 учаскесінде су жыру деректері тіркелді. 

Бауыржан Есқайырұлының тарқатқанындай, соның ішінде екі республикалық жолда 5 учаскеде, алты облыстық жолда 33 учаскеде, 23 аудандық жолда 27 учаскеде су шықты.

жол
Фото: БҚО жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы

Оған қоса су кейбір жолдардың жүріс бөлігін жырып кетті. 

техника
Фото: БҚО жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы

«Соның салдарынан өңірімізде 19 елді мекенде көлік байланысы үзілді. Қазіргі уақытта 17 елді мекенде жолдың жүріс бөліктері қалпына келтіріліп, көліктер ол жерлермен жүріп жатыр. Дегенмен екі елді мекенде су ағысының тоқтамауына байланысты көлік байланысын қамтамасыз етуге әзірше мүмкіндік жоқ. Атап айтқанда, Теректі ауданында аудандық маңызы бар Ақсоғым және Ақжайықта Тасоба ауылына кірме жолдар су тоқтаған соң реттеледі. Одан бөлек, республикалық маңызы бар Подстепный-Теректі-РФ шекарасының 35-шақырымында және облыстық маңызы бар 4 автомобиль жолында 5 учаскеде жолдың жүріс бөлігін су шайған еді. Күні бүгінге дейін бұл жолдар бәрі де дұрысталды» деді Б.Айтмағамбетов. 

жол жөндеу
Фото: БҚО жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы

Оның сөзіне қарағанда, 25 аудандық жолдың 68 учаскесін су жырып кетсе, соның 57 учаскесі қалыпқа келтірілді. Әзірге 11 учаске қалып тұр. Бұл жолдарда жөндеу жұмыстары жүргізілуде.

«Аудандарда автомобиль жолдарын ретке келтіру жұмыстарына „ҚазАвтоЖол“ ҰК» АҚ-ның техникалары да септігін тигізді. Автомобиль жолдарының толықтай қалпына келтірілуі үшін жергілікті атқарушы органның төтенше резервінің есебінен қаражат бөлінетін болады. Бұзылған жолдарға тиісінше техникалық тексерістер жүргізіліп, жобалық-сметалық құжаттамалар жасақталады. Содан соң жөндеу жұмыстары атқарылады», деді басқарма басшысы. 

жол
Фото: БҚО жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Батыс Қазақстанда Көшім каналында су деңгейі қайта көтерілгенін жазған болатынбыз.

су басты
Фото: БҚО жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы

 

Соңғы жаңалықтар