Батыс Қазақстанда су тасқынынан кейін дезинфекциялау жұмыстары толықтай атқарылды

ОРАЛ. KAZINFORM - Батыс Қазақстан облысында су тасқынынан зардап шеккен Бәйтерек, Бөрлі, Қаратөбе, Сырым, Теректі аудандарында және Орал қаласындағы саяжай аумақтарында дезинфекциялау жұмыстары толықтай атқарылды.

 дезинфекциялау
Фото: БҚО әкімдігі

БҚО әкімдігінен мәлім еткеніндей, нәтижесінде су басқан 7 мыңға жуық нысанға, соның ішінде тұрғын үйлерге, әлеуметтік нысандарға, су құбырларына дезинфекция жүргізілді.

«Кейін су құбырларынан ауыз судың сапасы мен қауіпсіздігіне зертханалық бақылау жүргізілді. Нәтижелер нормативке сәйкес келді. Дезинфекция жұмыстарын атқаруға төтенше жағдай қызметкерлерімен қатар Жамбыл және Ақтөбе облысынан келген әскери мамандар көмектесті», деп хабарлады ведомстводан.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын БҚО-да су тасқынынан егістікке келген залалдың 261 млн теңгеден асқанын жазған болатынбыз.

Соңғы жаңалықтар