Батыс Қазақстанда суға кеткен 820 үйге тұрғындар қайтып оралды

Батыс
Фото: Ғайсағали Сейтақ/Kazinform

ОРАЛ. KAZINFORM — Батыс Қазақстан облысында алты аудан мен Орал қаласында 1 126 тұрғын үйді су басты.

БҚО әкімінің орынбасары Қалияр Айтмұхамбетовтің мәлім еткеніндей, қазіргі таңда суға кеткен 820 үйге тұрғындар қайтып оралды. 391 үйде адамдар тұрып жатырған жоқ. 15 үй бос тұр.

Қалияр Шадиярұлының сөзіне қарағанда, өңір тұрғындарына су тасқыны салдарынан келтірілген материалдық залалды тиісті бағалау жұмыстары басталды. Қазіргі таңда суға кеткен үйлердің 929-ына техникалық сараптама жүргізілді. Бұдан бөлек облыс бойынша 2 994 саяжай үйін су басты. 

Орал
Фото: Ғайсағали Сейтақ/Kazinform

«Су тасқыны басталғаннан бері 2 351 бас ірі қара (соның ішінде: Ақжайық ауданында - 300, Теректіде – 503, Сырымда – 447, Бөрліде – 744, Бәйтеректе -130, Орал қаласында - 227), 2 482 бас қой-ешкі (Теректі – 534, Сырым – 731, Бөрлі – 955, Бәйтерек – 130, Орал қаласы - 132) және 52 бас жылқы (Бөрлі - 31, Теректі – 2, Орал - 19), 1 түйе (Орал) қауіпсіз аумаққа көшірілді. Аудан деңгейінде құрылған арнайы комиссия барлығы 2 187 бас малдың шығынын растап, оның ішінде 325 бас ірі қара (Бөрлі, Қаратөбе, Сырым, Теректі) 56 бас жылқы (Бөрлі, Қаратөбе, Сырым), 1 739 бас ұсақ мал (Бөрлі, Қаратөбе, Сырым, Теректі), 67 бас шошқа (Бәйтерек, Бөрлі) және 81 бас үй құсының (Қаратөбе, Теректі) актісі рәсімделген. Бүгінгі таңда расталған мал өлекселері толықтай жойылды. Арнайы комиссиялар өз жұмыстарын одан әрі жалғастыруда», - деді Қ.Айтмұхамбетов. 

Орал
Фото: Ғайсағали Сейтақ/Kazinform

Оның айтуынша, су тасқынынан зардап шеккен азаматтарға жан-жақты көмек көрсету жұмыстары жалғасуда. Біржолғы әлеуметтік көмектен бөлек су тасқыны басталғаннан бері зардап шеккендерге 691 тонна көлемінде немесе 314,3 млн теңгеге гуманитарлық көмек көрсетілді (азық-түлік – 558 тонна, дәрі-дәрмек – 4 тонна, киім-кешек – 129 тонна). Облыс бойынша 5 гуманитарлық көмек пункті жұмыс істеуде. 

Су
Фото: Ғайсағали Сейтақ/Kazinform

Еске сала кетейік, бұдан бұрын су тасқынына байланысты БҚО-да апаттық-құтқару жұмыстарына 8 200-ден астам адам жұмылдырылғанын жазған едік.

Сондай-ақ Оралдың қауіпті тұстарында 27 шақырымға жуық бөгет биіктетіліп жатыр. 

Батыс Қазақстанда тасқыннан жапа шеккен 863 отбасы әлеуметтік көмек алды.

Қызылордалық құтқарушылар Орал қаласындағы саяжай тұрғындарын көшіріп жатыр.




Соңғы жаңалықтар