Батыс Қазақстанда сұйытылған газ тапшылығы туындады

газ АЗС
Фото: Pixabay

ОРАЛ. KAZINFORM — Батыс Қазақстан облысында сұйытылған газ жетіспеушілігі туындады.

Орал қаласында автогаз құю станцияларының бірқатарында кезек болса, кейбіреулерінде газ мүлдем жоқ.

БҚО энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Мирас Мүлкәйдің Kazinform тілшісіне мәлім еткеніндей, мұндай жағдай Атырау облысындағы су тасқынына байланысты қалыптасып отыр. 

Мирас Рүстемұлының сөзіне қарағанда, республикалық маңызы бар Орал-Атырау жолының бір бөлігін су шайып кетуіне байланысты тікелей көлік қатынасы жоқ.

«Қазіргі уақытта сұйытылған мұнай газ Ақтөбе арқылы тасымалдануда, бұл көп уақытты алады. Жоспарға сәйкес маусым айында Атырау мұнай өңдеу зауытынан — 1 722, „Жайықмұнай“ ЖШС-дан 1 320 тонна сұйытылған газ бөлінді. Сонымен қатар „СНПС-Ақтөбемұнайгаз“ АҚ-дан маусым айына қосымша 1 188 тонна бөлінді. Жеткізудегі қиындықтарға байланысты бірқатар автогаз құю стансалары шектеулерге көшті. Облыстағы жағдайды 2 күн ішінде тұрақтандыру жоспарлануда», -деді басқарма басшысы.

 

Соңғы жаңалықтар