Батыс Қазақстанда тіркелген өрт саны 640-тан асты
ОРАЛ. KAZINFORM — Батыс Қазақстан облысында жыл басынан бері 642 өрт тіркелді, бұл өткен жылғы осы кезеңдегіден (597) 7,5 пайызға артық.
БҚО ТЖ департаментінің баспасөз қызметінен мәлім еткеніндей, өрт салдарынан 11 адам (өткен жылы осы мерзімде — 12) қаза тауып, бесеуі (3) жарақат алды. Соның ішінде біреуі — бала.
Өрттерден 10 млн 555 мың теңге (2025 жылы он айда — 32 млн 248,7 мың теңге) материалдық шығын келтірілді.
Тұрғын үйдегі өрт қаупі жылыту маусымы кезінде күшейетіні мәлім. Осыған орай 13 тамызда облыстық комиссияның отырысында тұрғын үй секторындағы өрттің алдын алу бойынша 26 іс-шарадан тұратын жоспар бекітілді. Дайындықтың бірінші кезеңі 15 тамыз бен 15 қыркүйек аралығында өтті. Осы кезеңде әлеуметтік осал отбасылардың тізімі нақтыланды. Атап айтқанда, 631 отбасының ішінен 581-і есепке алынды.
Облыс бойынша ТЖ қызметкерлері 25 280 үйді аралап, 49 410 тұрғынға өрт қауіпсіздігі талаптары түсіндірілді. «Қауіпсіз пеш» және «Көмек қолы» акциялары аясында 62 рейд өткізіліп, 1 300-ден астам тұрғын қамтылды.
— Биыл 401 улы газ датчигі жаңадан орнатылды. Өткен маусымнан бері пайдаланылып келе жатқан, жарамдылығы тексерілген 162 датчикті қоса алғанда, 581 отбасының 563-і датчикпен қамтылды (96,9 пайыз). Орал қаласында 15, Жәнібек ауданында 3 отбасы датчик орнатудан бас тартты, — деп хабарлады ведомстводан.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын БҚО-да өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзғандарға 2,9 млн астам теңге айыппұл салынғанын жазған едік.