Батыс Қазақстанда тұрғын үйдегі өрт саны 2,5 есе артқан
ОРАЛ. KAZINFORM – Батыс Қазақстан облысында жыл басынан бері 572 өрт оқиғасы тіркеліп, соның салдарынан 3 адам қаза тауып, 8-і түрлі жарақат алды.
БҚО ТЖД мемлекеттік өрт бақылау басқармасының бастығы Мереке Жұмағалиевтің өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте мәлім еткеніндей, өрттен 473 млн 032,4 мың теңге шығын келтірілген.
Мереке Бауыржанұлының сөзіне қарағанда, өткен жылғы осы кезеңмен салыстырғанда, өрт саны 26,5 пайызға (2023 жылы – 452), жарақат алғандар 14,2 пайызға (7) өссе, мерт болғандар (2023 жылы – 8) 62,5 пайызға төмендеген.
Басқарма бастығының айтуынша, тұрғын үйде 328 өрт болып, бұл өткен жылғыдан (272) 20,5 пайыз артты.
Өрттің негізгі себептері – отты ұқыпсыз пайдалану (107), электр жабдықтарын (250), сондай-ақ пештерді орнату және пайдалану кезінде өрт қауіпсіздігі ережелерін бұзу (47).
Өрт қауіпсіздігі ережелерін бұзғаны үшін 357 тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Соның ішінде 284-іне ескерту беріліп, 73-іне (9 заңды, 1 лауазымды және 63 жеке тұлға) 4 млн 227,340 мың теңге айыппұл салынды.
«Биылғы 1 қазаннан бастап тұрғын үй секторында 18 өрт болып, бұл өткен жылғыдан (7) 2,5 есеге асып түсті. Өкінішке қарай, 14 жастағы жасөспірім жарақат алды. Оқиға 3 қазан күні Ақсай қаласында Алашорда көшесі 47-мекенжайында болып, 15 шаршы метр аумақта жеке тұрған металл гараж отқа оранды. Салдарынан 2009 жылғы бала 35-40 пайыз күйік жарақатын алды. Өрт сөндірушілер келгенге дейін гаражда газ баллоны жарылған», - дейді М.Жұмағалиев.
Басқарма бастығының түсіндіруінше, адамдардың қаза болуы мен жарақат алуының алдын алуға бағытталған іс-шаралардың бірі – тұрғын үйлерде улы газ датчиктерін орнату. Осы кезге дейін өткен жылдан бері жергілікті атқарушы органдар мен демеушілердің қолдауымен әлеуметтік осал топқа жататын тұрғындардың үйлеріне 362 датчик орнатылды. Бұдан бөлек, демеушілердің көмегімен «QAZAQGAZ AIMAQ» АҚ Батыс Қазақстан өндірістік филиалымен бірлесіп халықтың әлеуметтік осал топтарының тұрғын үйлеріне газ анализаторларын орнату жұмыстары да қолға алынды. 2023-2024 жылғы жылу беру кезеңінде есепке алынған 443 отбасының тұрғын үйлеріне 424 (қамтылуы – 95,7 пайыз) датчик қойылды.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын БҚО тұрғыны ауылдасының шөбіне от қойып, төрт үйде 30 тонна пішен жанып кеткенін жазған болатынбыз.