Батыс Қазақстанда зейнетке шыққан 5 мұғалімге өтемақы төленбеген
ОРАЛ. KAZINFORM — Батыс Қазақстан облысында Қаратөбе ауданы прокуратурасы білім беру ұйымдарының қызметкерлері зейнетке шыққан кезде заңның бұзылғанын анықтады.

БҚО прокуратурасының баспасөз қызметінен мәлім еткеніндей, ҚР Еңбек кодексінің 53-бабы 9-тармағына сәйкес қызметкер зейнеткерлік жасқа толғаннан кейін еңбек шартын бұзбас бұрын кемінде бір ай бұрын хабардар етіліп, өтемақы төленуі тиіс.
Алайда ауданның үш мектебінде 2024 жылы 5 педагог зейнеткерлік жасқа толуына байланысты өтемақы төленбестен жұмыстан шығарылған.
— Қаратөбе ауданы прокуратурасының араласуынан кейін ғана бес мұғалімге 400 мыңнан астам теңге көлемінде өтемақы төленді. Кінәлі мектеп директорлары тәртіптік жауапкершілікке тартылды, - деп хабарлады ведомстводан.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын БҚО-да субсидия беру кезінде мемлекетке 7 миллиондай теңге шығын келтірілгенін жазған болатынбыз.