Батыс Қазақстанда жасөспірімдер жасаған қылмыс саны көбейген
Батыс Қазақстан облысында жасөспірімдер жасаған қылмыс саны 60,7 пайызға өсіп отыр. Бұл туралы БҚО полиция департаментінде өткізілген консультативтік-кеңесші органның отырысында айтылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
БҚО ПД жергілікті полиция басқармасының бастығы, полиция подполковнигі Ернар Сұлтанғалиевтің айтуынша, биылғы тоғыз айда 69 жасөспірім 82 қылмыс жасаған, бұл өткен жылғы осы кезеңдегіден (51) едәуір артық.
Оның сөзіне қарағанда, жасөспірімдер қылмысының алдын алу бағытында облыс аумағында 11 жедел алдын алу іс-шарасы («Қолайсыз отбасы», «Түнгі қаладағы балалар», «Жасөспірім», «Жасөспірім-заң-қауіпсіздік» және басқа) өткізілді.
«Аталған іс-шара барысында ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексінің 442-бабына (кәмелетке толмағандардың заңды өкілдерінің еріп жүруінсіз түнгі уақытта ойын-сауық мекемелерінде немесе тұрғынжайдан тыс жерде болуы) сәйкес кәмелетке толмағандардың 2 852 заңды өкілі жауапкершілікке тартылды. Орал қаласында 64 мектеп пен 20 колледжде «Komek Stop Bullying» жобасы биылғы мамыр айынан бастап іске қосылды. Онда оқушылар QR арқылы өздерінің проблемаларын, эмоциялары мен қорқыныштарын еркін және жасырын түрде білдіре алады. «Komek Stop Bullying» жобасы бойынша өтініш білдірілген оқу орындарында біз бопсалау деректерін анықтап, заң аясында жұмыс істейміз», - деп атап өтті Е.Сұлтанғалиев.
Осы орайда БҚО консультативтік-кеңесші органы төрағасының орынбасары Тұяқбай Рысбеков пікір білдірді.
«Бүгінде балаларды жете білу, олардың ішкі дүниесін түсіну өте маңызды мәселеге айналып отыр. Отан отбасынан басталады десек, отбасындағы бала тәрбиесіне бірінші ата-ана жауапты болуы керек. Кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықты болдырмау мақсатында білім ордаларымен біріге отырып жұмыс атқаруымыз қажет. Ең бастысы, қоғам болып бала тәрбиесімен айналысуымыз қажет», - деді ол.
«Аталған «Komek Stop Bullying» жобасы тек оқу орындарында ғана емес, сондай-ақ балалар көп жиналатын орындарда, яғни ойын-сауық орталықтары, сауда үйлері мен клубтарда көбірек орнатылса, қылмыстың алдын алуға мүмкіндік туар еді» - деген ұсыныс білдірді ККО мүшесі, БҚО мәслихатының депутаты Шаттық Өтебалиева.
Кеңеске қатысушылар бейнебақылау камераларының көмегімен қауіпсіздік шараларын қолға алуға болатынын алға тартты. Мұндай камералардың, әсіресе бұзақылық, қорқытып-үркіту, ақша бопсалау деректері болатын орындарда, тіпті әжетханалардың маңына да орнатылғаны дұрыс.
Жиында сондай-ақ, жол-көлік оқиғалары мен мал ұрлығы мәселесі де талқыланды. БҚО полиция департаментінің бастығы, полиция полковнигі Арман Оразалиев қабылданған шешімдердің орындалуы бақылауда болатынын атап көрсетті. Ол консультативтік-кеңесші органның мүшелеріне түйткілді жайттарды шешуге қосқан үлесі үшін алғыс білдірді.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын БҚО-да жасөспірімдердің кішкентай екі балаға күштеп темекі шектіргенін жазған болатынбыз.