Батыс Қазақстанда Жеңіс күніне орай 14 майдангерге 1,5 млн теңгеден берілмек

Қирғизистонда ота-онасини қариялар уйига топширган болалар жазоланади
Фото: shutterstock.com

ОРАЛ. KAZINFORM — Батыс Қазақстан облысында биылғы Жеңіс күніне орай 4 828 адамға 341,2 млн теңге көлемінде біржолғы әлеуметтік көмек қарастырылды.

БҚО жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Ділдәш Исқақованың мәлім еткеніндей, жыл сайынғы дәстүрлі көмек аудандық және қалалық мәслихаттардың шешімдерімен бекітілген «Әлеуметтік көмек көрсету, оның мөлшерлерін белгілеу және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындау қағидаларына» сәйкес белгіленді. 

Ділдәш Салауатқызының сөзіне қарағанда, 2 667 алушыға, соның ішінде Екінші дүниежүзілік соғыс ардагерлері мен соларға теңестірілген адамдарға 151,2 млн теңге жәрдем беріледі. 
Атап айтқанда, 14 майдангерге – 1,5 млн теңгеден, Ленинграад қаласын қоршау кезеңінде жұмыс істеген 2 адамға және фашистік лагерьдің 6 тұтқынына – 120 мың теңгеден, қайтыс болған соғыс ардагерлері мен соларға теңестірілгендердің әйелдеріне (151 адам) – 30 мың теңгеден, 2 494 тыл еңбеккеріне 50 мың теңгеден төленеді.

Басқарма басшысы орынбасарының айтуынша, 2 161 алушыға, соның ішінде «Ардагерлер туралы» заңына сәйкес басқа санаттағы азаматтарға 190 млн теңге бөлінді. Айталық, Ауғанстан ұрыс қимылдарының 628 ардагері – 80 мың теңгеден (бірінші төлемдері 15 ақпанда 100 мың теңге көлемінде берілді), тәжік-ауған учаскесінде, Таулы Қарабақта және Иракта болған 683 әскери қызметші 100 мың теңгеден алмақ. 

Бұдан бөлек, Чернобыль атом-электр стансасындағы апат салдарын жоюға қатысқандар мен солардың ішінде мүгедектік тағайындалғандарға – 100 мың теңгеден, қайтыс болған мүгедектердің отбасыларына 60 мың теңгеден (барлығы – 381 адам) қаралды. Сондай-ақ Семей ядролық полигонындағы сынақ салдарынан мүгедек болған 213 адамға – 100 мың теңгеден, бейбіт кезде қаза тапқандар отбасыларына (198 адам) – 60 мың теңгеден, КСРО-ны қорғау кезінде жаралануы салдарынан мүгедектік белгіленген 52 әскери қызметшіге 100 мыңгеден көмек беріледі.

«Атаулы күндер мен мереке күндеріне орай әлеуметтік көмек алушылардан өтініштер талап етілмейді. Жәрдем уәкілетті ұйымның тізімдері негізінде көрсетіледі. Төлемдер 1 мамырға дейін толықтай жүргізілетін болады», деді Д.Исқақова.

Соңғы жаңалықтар