Батыс Қазақстанда жол апатынан үш адам көз жұмды

Батыс Қазақстан облысында жол апатынан үш адам көз жұмды, деп хабарлайды Kazinform.

Жол апаты
Фото: БҚО ПД

БҚО полиция департаментінің баспасөз қызметінен мәлім еткеніндей, оқиға 7 қаңтар күні Бәйтерек ауданы Янайкин ауылы тұсында болды.

«Орал-Атырау жолының 62-шақырымында сағат 13.30-да «Шевроле Нексиа» автокөлігінің жүргізушісі рульге ие бола алмай, қарсы бетке шығып кеткен. Салдарынан «Тойота Ипсум» автокөлігімен бетпе-бет соқтығысуға жол берген. Жол апаты салдарынан қос автокөліктің жүргізушісі мен «Шевроле Нексиада» отырған жолаушы оқиға орнында қаза тапты. Мүрделер сот-медициналық сараптамаға жіберілді. Оған қоса зардап шеккендер облыстық көпбейінді ауруханаға жеткізілді. Аталған дерек бойынша ҚР ҚК 345-бабы 4-бөлігіне сәйкес сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды», деп хабарлады ведомстводан.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Оралда үш автокөлік соқтығысып, жолаушы қаза тапқанын жазған болатынбыз.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасының мәліметі бойынша бұл жол-көлік оқиғасынан барлығы 6 адам зардап шекті. Олардың біреуі қайтыс болса, бесеуі ауруханаға жеткізілді. Соның ішінде екеуі амбулаторлық ем алуға жіберілді. Ал 1975 жылғы әйелдің жағдайы ауыр.

Соңғы жаңалықтар