Батыс Қазақстанда жол апатынан жүргізуші қаза тапты

ОРАЛ. KAZINFORM – Батыс Қазақстан облысы Бөкей ордасы ауданында жол-көлік оқиғасы болды.

Жол апаты
Коллаж: Kazinform

БҚО Полиция департаментінің баспасөз қызметінен мәлім еткеніндей, оқиға 1 желтоқсан күні кешкісін Өнеге-Бисен-Сайқын жолының 80-шақырымында болды.

- Шамамен сағат 18.58-де жүргізуші рульге ие бола алмай, «ВАЗ-21010» автокөлігінің аударылуына жол берген. Салдарынан өзі оқиға орнында көз жұмды. Осы көлікте отырған екінші ер адам түрлі жарақатпен аудандық ауруханаға жеткізілді. Қазіргі кезде сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Сараптамалар тағайындалды, - деп хабарлады ведомстводан.

Бөкей ордасы аудандық ауруханасы дәрігерлерінің сөзіне қарағанда, ер адамның сынық жарақаты жоқ, бет, қолдарының терісі сыдырылған. Амбулаториялық ем алуға жіберілді.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Оралда мас күйінде аялдаманың терезесін сындырған ер адамның ұсталғанын жазған болатынбыз.

Соңғы жаңалықтар