Батыс жағалаудағы ауыл шаруашылығына миллион доллардан астам шығын келді
АСТАНА. KAZINFORM – Израиль әскері мен Палестина жерлерін басып алған израильдік қоныстанушылардың шабуылдары салдарынан өткен аптада 3 522 жеміс ағашы зақымданып, ауыл шаруашылығына тікелей келтірілген шығын 1 млн 19 мың доллардан асты, деп хабарлайды Kazinform агенттігі Anadolu агенттігіне сілтеме жасап.
Палестина Ауыл шаруашылығы министрлігінің 2026 жылғы 8–15 қазан аралығын қамтитын апталық есебіне сәйкес, басып алынған Батыс жағалаудың әртүрлі аудандарында жасалған шабуылдар негізінен зәйтүн жинау науқанына бағытталған.
Шабуылдар салдарынан 2 667 зәйтүн ағашы кесілген, тамырымен қопарылған, өртелген немесе зақымданған.
Аталған кезеңде барлығы 3 522 жеміс ағашына зиян келтіріліп, ауыл шаруашылығына келген материалдық шығын 1 млн 19 мың доллардан асты. Мыңдаған келі зәйтүн ұрланып, ауыл шаруашылығы техникасы мен суару желілері жойылған.
Палестина жерлерін басып алған израильдік қоныстанушылар ұрлаған зәйтүннің жалпы көлемі 8 612 келіге жетті.
Ең көп зардап шеккен аймақ — Батыс жағалаудың оңтүстігіндегі Әл-Халил ауданы. Ондағы шығын шамамен 455 мың долларды құрады. Одан кейін солтүстіктегі Жәнін қаласы тұр. Бұл өңірдегі шығын шамамен 452 мың долларға жеткен.
Палестина жерлерін басып алған израильдік қоныстанушылар зәйтүн жинап жүрген палестиналықтарға, сондай-ақ осы аймақта жұмыс істеп жүрген журналистерге жиі шабуыл жасайды.
Бұған дейін Батыс жағалауда израильдік қоныстанушылардың еуропалық дипломаттарға шабуыл жасағаны хабарланған болатын.