Батысқазақстандық 79 жастағы параспортшы 80 шақырымды жаяу жүріп өтті

ОРАЛ. KAZINFORM – Батысқазақстандық параспортшы, 79 жастағы Құбайдолла Хасанов Ұлы Жеңістің 80 жылдығына орай Орал қаласында 80 шақырымдық межені бағындырды.

Батысқазақстандық 79 жастағы параспортшы 80 шақырымды жаяу жүріп өтті
Фото: БҚО дене шынықтыру және спорт басқармасы

Аяғынан алған жарақатына қарамастан, үшінші топ мүгедектігі бар Құбайдолла Хамзаұлы сегіз күн бойы «Айгүл» шағынауданынан Жеңіс алаңына дейін 10 шақырым жүріп отырды. 
Спорттық шараны аяқтаған соң Екінші дүниежүзілік соғыста мерт болған боздақтардың рухына құран бағыштады.

Батысқазақстандық 79 жастағы параспортшы 80 шақырымды жаяу жүріп өтті
Фото: БҚО дене шынықтыру және спорт басқармасы

БҚО дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Бақдәулет Сәбитов ардагер спортшыны арнайы қабылдап, алғысын білдірді. 

— Құбайдолла Хамзаұлының бұл бастамасы — кейінгі жастар үшін үлгі. 1946 жылы Бәйтерек ауданы Петров ауылында дүниеге келген ардагер өмірін спортқа арнап, салауатты өмір салтын насихаттап келеді, — деді Б.Сәбитов. 

Құбайдолла Хасанов — пара пауэрлифтингтен екі дүркін Азия чемпионы (2004 жылы — Үндістан, 2006 жылы — Филиппин).

Батысқазақстандық 79 жастағы параспортшы 80 шақырымды жаяу жүріп өтті
Фото: БҚО дене шынықтыру және спорт басқармасы

Өзінің сөзіне қарағанда, 1995 жылы қазақтың ұлы ақыны Абайдың 150 жылдығына орай 150 шақырым жаяу жүрген. Бұл жолы жасы ұлғайғанына қарамастан, Жеңістің 80 жылдығына орай 80 шақырым жүруді мақсат еткен. 

— Ардагер ағамыздың қасына ілесіп отырдым. Ол қадам өлшегішті қосып, күн сайын 10 шақырымнан жүрді, — дейді Орал қаласындағы мүгедектер спорт клубының директоры Әскербек Нұрмұханов.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Жеңістің 80 жылдығы қарсаңында ақын Абдолла Жұмағалиев туралы тың деректер жария етілгенін жазған едік.

Соңғы жаңалықтар