Батысқазақстандық паратаеквондошы үш дүркін әлем чемпионы атанды
ОРАЛ. KAZINFORM — Қазақстандық паратаеквондошы Мәлік Мұқашев Оңтүстік Кореяның Муджу қаласында XI әлем чемпионатында топ жарды.
Спортшының бапкері Ербол Мерғалиевтің мәлім еткеніндей, паратаеквондодан аталмыш додаға әлемнің 50-ден астам елінен 250 спортшы қатысып, бақ сынады.
М.Мұқашев K-41 санаты бойынша 80 келі салмақ дәрежесінде өнер көрсетті.
Мәлік жартылай финалда түрік, соңғы бәсекеде ирак спортшысын ұтты.
Осылайша, Мәлік Мұқашев үш дүркін әлем чемпионы атанды. Ол бұған дейін 2021 жылы Ыстанбұлда (Түркия) және 2023 жылы Мексиканың Веракрус қаласында өткен әлем біріншілігінде топ жарған еді.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын қазақстандық паратаеквондошының әлем чемпионы атанғанын жазған едік.