Батыстағы су айдындарында «Бекіре-2024» кең ауқымды акциясы басталады

Балықшы
Фото: Polisia.kz

АТЫРАУ. KAZINFORM – Еліміздің батыс өңіріндегі су айдындарында 1 сәуір-31 мамыр аралығында «Бекіре-2024» ауқымды балық қорғау акциясын өткізу жоспарланып отыр.

Балық шаруашылығы комитеті төрағасының орынбасары Аян Бахияновтың айтуынша, бұл акция – уылдырық шашу кезеңінде бағалы балықтардың ресурсын қорғау мақсатындағы күшейтілген іс-шара.

«Жақында Ауыл шаруашылығы және Ішкі істер министрлері мен Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының бірлескен бұйрығы қабылданды. Соған сәйкес үйлестіру штабының құрамы мен Жайық-Каспий су бассейнінде кеңауқымды балық қорғау акциясын өткізу жөніндегі бірлескен іс-қимыл жоспары бекітілді. Бірлескен жұмыс бекіре және балықтың басқа түрлерін сақтауда оң нәтиже береді деп ойлаймын. Іс-шараны жүзеге асыру азық-түлік қауіпсіздігінің маңызды факторы ретінде балық шаруашылығын одан әрі дамытуды, табыс көзі ретінде әлеуметтік мәселелерді шешуді, жергілікті тұрғындарды жұмыспен қамтуды қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Акцияға батыстағы үш облыстан 1 177 қызметкер жұмылдырылады. Оның ішінде 374-і Атырау облысында, 254 қызметкер Батыс Қазақстан облысында, ал, 549 маман мен әскери қызметшілер Маңғыстау облысының аумағында акцияның сәтті өтуіне атсалыады», - деді Аян Бахиянов.

Оның айтуына қарағанда, акция аясында браконьерлік фактілер жиі байқалуы ықтимал аумақтарда жылжымалы бекеттер мен мобильді рейдтік топтар ұйымдастырылады. Осыған байланысты негізгі күштер мен құралдар Каспий теңізінің жағалауы мен акваториясында, Жайық пен Қиғаш өзендерінің сағалық кеңістігінде шоғырланады. 

«Өткен жылы батыстағы үш өңіріндегі «Бекіре-2023» балық қорғау акциясы кезінде 972 құқық бұзушылық анықталды. Құқық бұзған 669 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылып, оларға 15,7 млн теңге айыппұл салынды. Заңсыз айналымнан 68,3 тонна балық алынды. Оның ішінде 1 тонна бекіре тұқымдас балық түрлері, 29,5 келі бекіре тұқымдас балықтардың уылдырығы бар. Заңсыз балық аулаушылардан 1038 түрлі балық аулау құралы мен 89 жүзу және көлік құралы тәркіленді», - деп мәлім етті Аян Бахиянов.

Еске сала кетелік, бұған дейін Атырауда 95,5 келі балықты заңсыз тасымалдағандар ұсталғанын  жазған едік.

 

Соңғы жаңалықтар