19:04, 29 Қаңтар 2019 | GMT +5
Бәткен облысында жол апатынан 5 шетел азаматы қаза тапты
БІШКЕК. ҚазАқпарат - Қырғызстан Республикасы Бәткен облысында болған жол-көлік оқиғасынан 5 адам қаза тапты. Бұл туралы «Кабар» агенттігіне Қырғызстан Республикасы ІІМ баспасөз қызметі хабарлаған.

Олардың мәліметтеріне қарағанда, 28 қаңтар 20:30-да 51 жастағы азамат Ош-Исфана тасжолында «Дэу Нексия» көлігімен келе жатқан. Ол көлік руліне ие бола алмай қарсы жолаққа шығып кетіп, «Мерседес Бенц Спринтер 313» шағын автобусымен соқтығысқан. Ол көлікті 25 жастағы Бәткен ауданының тұрғыны жүргізген.
Жол апатынан «Дэу Нексия» жүргізушісі мен екі жолаушы оқиға орнында мерт болды. Осы көліктегі қалған екі адам Бәткен облыстық ауруханасының жансақтау бөлімінде көз жұмды.
Қазіргі таңда тергеу жүріп жатыр. Алдын ала дерек бойынша, қаза тапқандардың барлығы - Өзбекстан азаматтары.