Батумиде ұсталған «Бешикташ» жанкүйерлері босатылды
АСТАНА. KAZINFORM — Батуми қаласында «Бешикташ» пен «Хапоэль» командаларының матчы кезінде болған жанжалдан кейін әкімшілік тәртіппен ұсталған барлық жанкүйер босатылды, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі News Georgia басылымына сілтеме жасап.
Сонымен қатар түркиялық жанкүйерлердің Отанына кедергісіз оралуына жағдай жасалды. Бұл туралы Аджария автономиялық республикасының үкімет төрағасы Зураб Патарадзе Түркияның Грузиядағы елшісі Мұстафа Түркер Арымен кездесуден кейін хабарлады.
Патарадзенің айтуынша, қазір Батуми қаласындағы жағдай тұрақты, жағдайдың одан әрі ушығу қаупі сейілген. Кездесу барысында ол түркиялық дипломатқа 26 қарашада өткен УЕФА Еуропа лигасының матчына дейін және ойын кезінде болған оқиғаларға қатысты Грузия билігінің ұстанымын жеткізді.
Аджария үкіметінің басшысы Ыстанбұл клубының кейбір жанкүйері арандатушылық әрекеттерге барып, полиция қызметкерлеріне бөтелке, тас және басқа да заттар лақтырғанын мәлімдеді. Осы оқиғадан бірнеше полиция қызметкері жарақат алып, қаланың инфрақұрылымына да зақым келген.
Патарадзе баннерлерді көрсетуге қатысты шектеудің себебін де түсіндірді.
Оның сөзінше, шекаралық бақылау кезінде жанкүйерлерден Грузия жұртшылығының наразылығын тудыруы мүмкін теріс материалдар табылған. Сондықтан оларды көпшілік алдында көрсетуге, ең алдымен, жанкүйерлердің қауіпсіздігі үшін тыйым салынды.
Бұған қоса Патарадзе Грузия полициясының іс-әрекеті ел заңнамасы мен халықаралық стандарттарға сай болғанын атап өтті. Оның айтуынша, тәртіп сақшылары жағдайдың одан әрі шиеленісуіне жол бермеген.
Бұған дейін УЕФА матчты Түркия футбол федерациясының өтінішімен Ыстанбұлдан Батумиге ауыстырған еді. Федерация мұндай шешімді Түркия билігінің ұсынымдарына және Түркия мен Израиль арасындағы шиеленіске байланысты қауіпсіздік мәселелеріне негіздеген.
Еске сала кетейік, 26 қарашада Батумидегі стадионда «Бешикташ» пен Израильдің «Хапоэль» командасы арасындағы матч алдында тәртіпсіздік болды.