«Батыр арулар» астаналықтарға арнап 1998 тәттi тоқаш пiсiрдi (ФОТО)
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанның ең сұлу әскери әйелдерi "Хан Шатыр" орталығында астаналықтарға арнап дастархан жайды. "Батыр арулар" байқауының жеңiмпаздары қала қонақтары мен тұрғындарына арнап өз қолдарымен әскери символикасы бар тәттi тоқаштар тарту еттi. Барлығы 1998 тоқаш пiсiрiлген. Бұл елорданың Астанаға көшiрiлген жылын бiлдiредi.
"Бiздiң шара Астана күнiне және Президентіміздiң туған күнiне арналып отыр. "Батыр арулар" байқауының жеңiмпаздары осылайша қала тұрғындарын Қорғаныс министрлiгiнiң атынан құттықтағымыз келдi. Осы мақсатта елордалықтар мерекенi сезiнсiн деп, бiз кең дастархан жайып, осындай тәттiлер дайындадық", - дейдi "Батыр арулар" байқауы жеңiмпаздарының бiрi, Қорғаныс министрлiгi әскери полиция бас басқармасының қызметкерi Әйгерiм Қаракүшiкова.
Оның айтуынша, тоқаштар арнайы рецептпен дайындалған.
"Бiзде бұл тәттi тоқаштарды қалай безендiремiз деген көп ойлар болды. Соңында әскери атрибутика болғаны дұрыс деп шештiк. Әр тоқашта әр түрлi - бiрiнде жұлдыздар болса, бiрiнде танкiлер және қарудың суреттерi жасалған. Жасыл мен сары боялаулармен көмкерiлген. Олардың барлығы Бәйтеректiң - Астананың символымен бiрiктiрiлдi. Осылайша, бiз әскери тақырыпты және Астана күнiн бiр арнаға тоғыстыра алдық", - дейдi ол.
Шара барысында ҚР Қорғаныс министрлiгi Орталық әскери ансамблiнiң солистерiнiң қатысуымен концерттiк бағдарлама ұйымдастырылды. Еске сала кетейiк, ҚР Қорғаныс министрлiгiнiң бастамасымен әскери әйелдер арасында "Батыр арулар" атты байқау өткен болатын. Оның қорытындысында ҚР Қарулы күштерiнде қызмет атқаратын 12 нәзiк жанды өз кәсiбiнiң үздiктерi деп танылды.