«Батыр арулар» байқауының жеңімпаздары жауынгерлік сынақ тапсыруда (ФОТО)
АСТАНА. ҚазАқпарат - «Батыр арулар» байқауының жеңімпаздары өздерінің нағыз жауынгер екенін дәлелдеуде. Бұл туралы ҚР Қорғаныс министрлігінің Фейсбуктегі парақшасында жария етілді.
«Батыр арулар» байқауының мақсаты әйел әскери қызметшілер арасындағы ең сұлуды анықтау емес, нәзік жандылардың жауынгерлік әзірлігін, рухын шыңдау еді.
80-нен аса қатысушылардан оқ бойы озып шыққан 12 әскери қыз-келіншек ақ жаулықты ана, ибалы келін, аяулы жар ғана емес ел қорғаған «жауынгер» екенін кезекті мәрте дәлелдеді.
Жуырда олар бірнеше күрделі сынақтардан өтті.
Оқ атып, граната лақтырды. Су бөгеттерінен жүзіп, парашютпен секірді. Кедергілер жолағынан мүдірмей өтті. Осылайша, ресми марапаттауға дейін байқау финалистері дала жағдайында әскери тәсілдер мен жаттығуларды орындады.
Айта кетейік, қазіргі уақытта жеңімпаздар арнайы фотосессияға қатысуда. Олардың бейнелері фотоальбомдар мен күнтізбе парақтарына басылып шығады.
Еске сала кетсек, байқауға ғаламторда дауыс беру сәуірдің 1-і мен мамырдың 31-і аралығында Қорғаныс министрлігінің сайтында жүргізілді. Бұл уақыт ішінде үміткерлерге 253 мың рекордтық дауыс берілді.
«Батыр арулар» республикалық байқауының қатысушылары - ҚР Қарулы Күштерінің әйел әскери қызметшілері, өзіндік эксперимент өткізіп, «олардың балалары көздері байлаулы күйінде өз аналарын таба ала ма, әлде жоқ па?» деген сұрақтың жауабын іздеп көрген болатын.