Батыр бабаларды ұлықтап, есімдерін ұрпақ жадында жаңғырта беруіміз керек- Н.Назарбаев

АСТАНА. ҚазАқпарат - Жеңістің 70 жылдығына орай келесі жылы еліміздің барша өңірлерінде әрбір батырды тағзым етуіміз қажет. Бұл туралы бүгін Астанадағы «Қазақ Елі» монументі алдындағы алаңда Отан қорғаушылар күніне арналған әскери шеруде ҚР Президенті - Жоғарғы Бас қолбасшы Нұрсұлтан Назарбаев мәлім етті.

Батыр бабаларды ұлықтап, есімдерін ұрпақ жадында жаңғырта беруіміз керек- Н.Назарбаев

«Жеңістің 70 жылдығына орай келесі жылы еліміздің барша өңірлерінде әрбір батырды еске түсіріп, тағзым етуіміз қажет. Соғыс жылдарында бүкіл халқымыз тыл жұмысына, еңбек майданына жұмылды. Қас дұшпанға қарсы атылған он оқтың тоғызы Қазақстанның қорғасыны мен жезінен құйылды. Ұлы Жеңіс бізге аталардың қанымен, аналардың терімен келді. Ерлік ешқашан халықтың жадынан ұмытылмайды. Біз батыр бабаларды ұлықтап, есімдерін ұрпақ жадында жаңғырта беруіміз керек», - деді Президент.

«Қымбатты қазақстандықтар! Екі күннен кейін Ұлы Жеңіс күнін атап өтетін боламыз. Тарихтағы ең қасіретті соғысқа 1 миллион 800 мың отандасымыз аттанды. Оның жартысына жуығы майдан даласынан қайтпай қалды. Бес жүзден астам жерлесіміз Кеңес Одағының Батыры атанды. Ерлеріміздің есімдері мәңгілік аңызға айналды», - деп атап өтті Мемлекет басшысы.