Batyr Ball-ға Қытай мен АҚШ-тан «құда түсушілер» бар – Нұрбек Қарабала

АСТАНА. KAZINFORM – Naiza FC лигасының басшысы Нұрбек Қарабала Kazinform тілшісіне берген сұхбатында Batyr Ball лигасының авторлық құқығына Қытай мен АҚШ-тың креатившіл шоумендері құда түсіп жатқанын айтты.

Нұрбек Қарабала
Фото: Kazinform

- Naiza-ның осыған дейін ең танылған кезі Серік Сәпиевтің жас спортшымен арасындағы шулы қақтығысы болды ғой. Сол кезде кеңес заманынан қалған спортты несіне насихаттап жүр деген сын айтылды. Спорт ойындарын коллаборация еткісі келсе, ұлттық спорт түрлері де жеткілікті емес пе, деген ұсыныстар болды. Сол сындарды қалай қабылдадыңыз ?

- Совет заманының спорты дегенмен келіспеймін. Керісінше мұны Қазақстан топырағында дүниеге келген спорт деп мақтан тұту керек. Біріншіден атауы - Batyr Ball, екіншіден ішінде күрес бар. 

С. Сәпиевтің жағдайын айтып жатырсыз ғой, оны ұмытқан жоқпыз. Біздің компанияның бір принципі – қателіктерден қашпаймыз, керісінше оны капиталға айналдыруға тырысамыз. Ол жағдай біз үшін сабақ болды. Біз болашақта ондайды болдырмауға күш салып жатырмыз.

- Нақты не істедіңіздер? Ережені өзгерттіңіздер ме ?

- Жоқ, әзірге ережеде ештеңе өзгерген жоқ. Ойынның ережесінде лақтыру әдістері бар болатын. Ойынның тартысты тұстарының бірі де сонда. Басты енгізген өзгерісіміз – ойыншыларды ойынға дейін және ойыннан кейін кездестірмейміз. Тек ойын алаңында ғана бір-бірін көреді. Одан кейін төрешілердің жауапкершілігін арттырып, күзет қызметін күшейттік.

Жалпы жаңа спорт түрі болғандықтан ондай бір келеңсіздіктер туындайтынын сездік деуге болады. Өйткені дүкеннен нан сатып алудың да өз мәдениеті бар. Сол сияқты бұл жерде де біртіндеп мәдениет қалыптасу керек. Серік сияқты бауырларымыз сол мәдениетті қалыптастыруға зор үлес қосып жатыр. Негізі С. Сәпиев - ойынның ережесін о баста менімен бірге отырып қарап шыққан адамның бірі. Құдайға шүкір, мәселе оңынан шешілді, бәрі аман-есен. Бір келеңсіздік болды екен деп, күрделі жобаны тоқтатып тастамаймыз ғой. Бұл спорттың алғашқы турнирін өткізген күннің ертеңінде Sport New SPN, Sport Center, Daily Mail сияқты әлемдік ресурстар өз парақшаларына шығарып, таңданысып жатты. Соның бәрі «Қазақстанда Batyr Ball» деген жаңа креативті спорт түрі пайда болды», - деп жазды. Оны кейбіреулер баскетболдың көшірмесі деп жатыр ғой. Ал біз үшін ол - тек спорт қана емес, идеология. Әр жасөспірімге, әрбір жеткіншек қызға «батыр бол» деп рух беріп тұр. Ойын осындай мақсаттан пайда болған.

Әрине, қазіргідей ақпарат өте көп заманда жастарды спортқа, батыр болуға баулу оңай емес. Бұл ойын сол үдеден шығып тұр. Батырлық тек білекте ғана емес қой, жүрек пен білімде де, істе, қарапайымдылықта.

- Batyr Ball-дың ауқымы туралы айтыңызшы. Бүкіл өңірлерде филиалы ашылды ма? Неше адам осы спорт қауымдастығына мүше болып тіркелді ?

- Республиканың 20 өңірінен де адамдар хабарласып, филиалын ашсақ деп жатыр. Ол бір. Екіншіден, Қытайдан, АҚШ-тан креативті индустрия өкілдері байланысқа шығып, авторлық құқығын сатуымызды сұрады. Басында ет қызумен сатып жібере жаздағанмын. Ең бастысы, Batyr Ball деген қазақша атауы қалады ғой деп ойлағам. Кейін ойландым. Авторлық құқығын сатып жіберсем, солардың айтқанынан шыға алмай қалатынымды ойладым. Орталығы да Қазақстан болмай қалуы мүмкін екенін ескердім. Сол себепті ондай ұсыныстардың бәрінен бас тарттым. Олар жасайтындай деңгейде біз де жасай аламыз. Продакшн жағынан да, ұйымдастыру жағынан да ешкімнен кем түспейміз. Ертең АҚШ-тан қызығушылық танытып жатқан танымал спортшыларды әкеліп, осында атышулы турнирлер өткіземіз. Сол кезде бүкіл Еуропаның, Ресейдің назары бізге ауады. Танымал спортшылардың ізімен туристер келеді. Мыңдаған адам келіп жатса, мемлекетімізге жақсы. Бұрын өз елімізде танымал болу үшін бірінші шетелде атың шығуы керек еді ғой. Олай болмау керек. Ал қазір мен шетелді мойындатуға күш салсам, олар авторлық құқықтарымды шектеп тастайды. Жалғыз менің атым шығады, қасымдағы жігіттердің өмірі жақсаруы мүмкін. Бірақ негізгі құқық соларда болғандықтан үлкен ауқымдағы игілігін өзгелер көреді. Сондықтан мүмкіндік болса да шетелге кеткен жоқпын.

- Сонда Қытай мен АҚШ-тан қандай сомалар ұсынылды ?

- Олар ақша ұсынған жоқ, пайызын ұсынды. «Түсетін табыстың 20 пайызын алып отырасың, бүкіл ұйымдастыру шығындарын өзіміз көтереміз, авторлық құқық бізде болсын» дегенді айтты.

- Қазір неше адам осы спортпен айналысып жүргенін айтпадыңыз…

- Бір командада үш адам болады десек, бүгінгі таңда 50-60 команда хабарласып жатыр. Бәрінің ойнағысы келеді. Тегін ойнаймыз деп жатыр. Мен басында әр командаға 10 млн теңге көлемінде гонорар қойған болатынмын. Соның арқасында балалардың ынтасы қатты болды. Енді миллион доллар тігіп, шетелдік танымал спортшыларды шақырмақшымыз. Төбелеске оларды шақыра алмайсың, ал Batyr Ball-ға шақыруға болады. Шавкат бауырымыз да жүрген жерінде біздің ойынды жақсы насихаттап жүр.

- Келешекте Batyr Ball-дың ауқымын қай деңгейде көргіңіз келеді? Азия немесе әлем чемпионаты өтетіндей деңгейге жету жоспарда бар ма ?

- Жоспарлар бар. Бірақ ондай іске әуесқой деңгейде қарауға болмайды. Бұған кәсіпқой деңгейде қарау керек. Дұрыстап ойластырса, күн сайын әлемдік турнир етіп өткізуге болады. Футболдағыдай бірнеше лигаға бөліп тастап, жыл он екі ай өткізуге болады.

- Batyr Ball деген атына қарасақ, бұл спорт жас буынға арналған сияқты. Сонда шетелдік спортшыларды жастарды ынталандыру үшін шақырасыз ба ?

- Атының бұлай болуы идеологиялық мақсатпен қойылған ғой. Негізгі турнирлер спортты жаңадан бастаған балаларға емес, түрлі спорттан өзін мойындатып, үлкен спорттан кеткен адамдарға арналады.

- Әлемдік деңгейден қай спортшылар қызығушылық танытып жатыр ?

- Бірінші кезекте Хабиб Нурмагомедов. Хабибтің командасы осында келіп ойнап кеткен болатын. Інісі Әбубакар Нурмогамедов, Ислам Махачев, Шәміл Забуров ойнады. АҚШ-тан боксшылар хабарласып жатыр. Оның бәрін кезінде көре жатарсыздар.

- Batyr Ball көшпенділер ойындарына кіруі мүмкін бе? Сізге немесе сіздің тарапыңыздан оларға ондай ұсыныс жасалды ма ?

- Біз үшін аса зор мәртебе болар еді. Өз тарапымыздан ұсыныс берген жоқпыз. Ал өздері көшпенділер ойындарының тізімінде Batyr Ball болу керек десе, екі өкпемді қолыма алып жүгірем ғой.

Соңғы жаңалықтар