Батырхан Шүкеновке ҚазҰӨУ-де студенттерге сабақ беруді ұсынған болатынмын - А. Мұсақожаева

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақ ұлттық өнер университетінің ректоры, ҚР халық әртісі Айман Мұсақожаева Батырхан Шүкеновке студенттерге дәріс беруді ұсынғандығын айтты.

Батырхан Шүкеновке ҚазҰӨУ-де студенттерге сабақ беруді ұсынған болатынмын - А. Мұсақожаева

Бүгін журналистерге берген сұхбатында А. Мұсақожаева белгілі әншінің қазасына қатты қайғырғанын жеткізді.

«Мен үшін бұл өте қайғылы хабар болды. Батырхан әлі тым жас еді. Оның барлық жетістіктері әлі алда болатын. Тіпті ол өз шеберлігін жас әншілерге үйретуді жоспарлаған. Мен оны үнемі біздің университетке шақырып: «Қазақ эстрадасының қалай дамуы керек екенін сен білесің. Сен оған қалай қол жеткізуді де білесің. Сондықтан сен жастарға жол көрсетуің керек. Сен бізге қажетсің. Бізге осы жолды жүріп өткен ұстаздар мен тәлімгерлер керек» дейтінмін, - деді А. Мұсақожаева.

Оның айтуынша, Батырхан үнемі бұл ұсынысты қош көріп, алайда әзір қолы тимейтінін, концерті көп екенін, бірақ болашақта педагогтық жолға түсетінін айтады екен.

ҚазҰӨУ ректорының сөзінше, Б. Шүкенов әр уақытта Қазақстанды тек Ресей тыңдармандарына ғана емес, көптеген шетелдіктерге де жақсы жағынан танытып жүрді.

«Ресейлік әріптестері ол туралы тек жақсы сөздер айтатын. Менің сыныптасым Байғали Серкебаев және басқа да достарым Батырханның Ресей мен басқа да шет елдерде Қазақстанның атын асқақтатып жүргенін мақтанышпен айтатын. Бірақ мен Батырханды бәрінен бұрын Қазақстанмен байланыстырғым келетін. Менің ойымша, оның жүрегі өмір бойы тек Қазақстан деп соқты», - деді А. Мұсақожаева.

Естеріңізге сала кетейік, белгілі әнші Б. Шүкенов Мәскеудегі пәтерінде жүрек талмасынан көз жұмды. Ол Алматыда жерленетін болады.