Батырлар жыры эксклюзивті түрде басылып шығуы мүмкін
АСТАНА. 28 ақпан. ҚазАқпарат - Алдағы уақытта біз қазақ халқының батырлар жырын эксклюзивті түрде басып шығаруды жоспарлап отырмыз. Бұл туралы астаналықтарға «Абай» кітабының эксклюзивті нұсқасын таныстырған «А» баспа үйінің директоры Дина Әбдәкімова мәлім етті.
«Батырлар жырының тәрбиелік мәні зор ғой. Соны жоғалтпай, кейінгі ұрпаққа жеткізе білуіміз керек. Ол үшін осы «Абай» сияқты эксклюзивті туындыларды көптеп шығару қажет», - дейді Д. Әбдәкімова. Бүгінде «А» баспа үйінің бастамасымен Қазақстан Тәуелсіздігінің 20 жылдық тарихында тұңғыш рет Абайдың қара сөздері эксклюзивті басылым болып жарыққа шығып отыр. Оның ерекшелігі сол, кітаптың мұқабасы терімен түптеліп, күміспен күптелген. Ал басылым беттері ескірмейтін арнайы қағаздан жасалып отыр. «Осының арқасында ғана халқымыздың бай мәдени мұрасы мыңжылдықтарға шыдап, ұрпақтан-ұрпаққа жете алады», - деп атап көрсетті Д. Әбдәкімова.