16:21, 11 Наурыз 2009 | GMT +5
«Батыс» ӘКК аймақаралық Дәрменсіз борышкерлермен жұмыс істеу департаментімен ынтымақтастық туралы келісімге қол қойды
АҚТӨБЕ. Наурыздың 11-і. ҚазАқпарат /Самал Ендібаева/ – «Батыс» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы аймақаралық Дәрменсіз борышкерлермен жұмыс істеу департаментімен ынтымақтастық туралы келісімге қол қойды,
деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. ӘКК баспасөз қызметінің ақпараты бойынша құжатқа қол қою дағдарысқа, сондай-ақ оларды оңалту бойынша шешімдерді даярлауға байланысты қиын жағдайға душар болған жергілікті кәсіпкерлердің проблемаларын талдауға, зерделеуге алғышарт болды. Ынтымақтастықтың мақсаты ? кәсіпорындары тоқтаған, өнім шығару доғарылған, айналымда қаражаты жоқ, борышқа белшесінен батып, өсімдер мен айыппұлдар есептеліп жатқан кәсіпорындарды қаржы-экономикалық жағынан сауықтыру. Департамент басшысы Аманқос Дербісәлиннің айтуынша, бүгінгі күні оларға Ақтөбе облысындағы шағын және орта бизнестің 48 кәсіпорыны өтініш білдірген. Іс жүзіндегі көмек мыналарға негізделеді: сот тәртібімен несиелер үшін кәсіпорындардың төлемдерін, өсімдерді, айыппұлдарды және банктік сыйақыларды есептемей үш жылдық мерзіммен кейінге қалдыруды жүзеге асырады, сот шешімдерінің атқарылуын тоқтатады. ӘКК оңалтушының рөлін атқара отырып, айналымдық қаражат ретінде шағын инвестицияларды бөледі, ол кәсіпорындарға өндірісті сақтауға және қалыпты жұмыс тәртібіне шығаруға мүмкіндік береді. Бұл оларға тұрақтылық береді, жұмыс орындары сақталады, жергілікті әлеуметтік шиеленісті жояды.ӘКК басқармасы төрағасының орынбасары Нұрмұхамбет Әбдібековтың айтуынша, бұл шаралар Президенттің Қазақстан халқына Жолдауының, әсіресе аймақтардағы халықты еңбекпен қамту бөлігіндегі басымдықтарына толығымен сәйкес келеді.