«Батыс Еуропа - Батыс Қытай» автожолы - бұл бірегей жоба - ҚР бірінші вице-премьері
АМБЫЛ ОБЛЫСЫ. Мамырдың 14-і. ҚазАқпарат /Галина Скрипник/ - Трансқұрлықтық «Батыс Еуропа - Батыс Қытай» автожолы - бұл бірегей жоба, деді Жамбыл облысы бойынша сапарын қорытындылай келіп, Жуалы ауданында болған брифингте бірінші вице-премьер Өмірзақ Шөкеев.
Ол былтыр басталған жоба Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың тұрақты қадағалауында екендігін және бүгінде тұтастай алғанда жұмыс белгіленген кесте бойынша жүріп жатқандығына көз жеткізгендігін айтты.
«Автомагистральдың жалпы ұзындығы - сегіз мыңнан астам шақырым, біздің мемлекет аумағы арқылы екі мың шақырымнан астам жол өтеді. Құрылыс Қазақстанның бес облысы аумағында белгіленген. Бүгінгі таңда Жамбыл, Қызылорда, Ақтөбе облыстарында жұмыс толықтай жүріп жатыр. Шілденің 1-нен бастап Оңтүстік Қазақстанда, одан кейін Алматы облысында жұмыс басталады», - деп атап өткен Ө.Шөкеев, 12 мың жұмысшы мен үш мың техника жұмылдырылып отырғандығын айтты. Жұмыс қызған қыркүйек айында тағы да 50 мың жұмысшы мен 10 мың дана техника жұмысқа қосылатынын айтты.
Бірінші вице-премьер бүкіл автотрасса бойы орасан зор құрылыстың жүретіндігін атап өтті. «Әлемде бұрын-соңды болмаған құрылыс, - деді Ө.Шөкеев. - Бір кездері 150 мың жұмысшы жұмылдырылған 20 жылға созылған үш мың километрлік БАМ салынған. «Батыс Еуропа - Батыс Қытай» дәлізін біз үш жылда бітіріп, бірінші дәрежелі мәртебемен тапсыруымыз қажет», - деп атап өтті Ө.Шөкеев.