«Батыс Еуропа-Батыс Қытай» дәлізі белгіленген мерзімде пайдалануға берілмеуі мүмкін - Есеп комитеті
Ведомствоның ақпаратына қарағанда, жиын барысында көлік инфрақұрылымын дамытуға бөлінген қаржының тиімді пайдалануын бақылау-сараптау іс-шараларының қорытындысы шығарылған. Сонымен қатар көлік инфрақұрымын дамытуға бөлінген қаржыны пайдалану барысында жоспарланған іс-шаралардың сапалы әрі тиімді орындалуына теріс ықпал ететін бірқатар кемшіліктер мен бұзушылықтардың орын алғандығы аталып өтілген.
«Бюджет заңнамасы, Сәулет, құрылыс және қала құрылысы қызметі туралы заңнама талаптарының бұзылғандығы анықталды. 6 жылдан астам уақыт бойы бірнеше мәрте ұзартылған және әлі де болса жалғасын тауып келе жатқан «Батыс Еуропа - Батыс Қытай» халықаралық көлік дәлізі құрылысының дер уақытында аяқталмай қалу тәуекелі аталып өтілді. Аталған жобаның жекелеген учаскелері бойынша құрылыс жұмыстарын жүргізу келісімшарттары құнының арттырылуына қарамастан жобалық-сметалық құжаттарға түзету енгізілген жоқ. Нәтижесінде, келісімшарттардың қорытынды сомасы бастапқы сомадан 22 млрд. теңгеге асып түсті», - деп хабарлады Есеп комитетінен.
Сонымен қатар Есеп комитеті жалпы сомасы 11 млрд. теңгеден асып жығылатын «Алматы-Қордай-Благовещенка-Мерке-Ташкент-Термез 483-536 шақырым» автожолын жаңғырту жобасы бекітілген жобалық-сметалық құжатсыз жүзеге асырылғанын атап өткен.