«Батыс Еуропа-Батыс Қытай» дәлізі іске қосылса жүк тасымалы жылына 33 млн. тоннаға жетеді - Ә. Құсайынов

АСТАНА. Қазанның 22-cі. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/  - «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» дәлізі іске қосылса жүк тасымалы 33 млн. тоннаға дейін артады.

«Батыс Еуропа-Батыс Қытай» дәлізі іске қосылса жүк тасымалы жылына 33 млн. тоннаға жетеді - Ә. Құсайынов

 Бүгін ҚР Парламенті Сенатының жалпы отырысында аталған жобаға қатысты келісімді талқылау барысында Көлік және коммуникация министрі Әбілғазы Құсайынов осылай мәлім етті , деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Батыс Еуропа - Батыс Қытай» жаңа халықаралық дәлізі бойынша жобаларды негізінен 4 банк қаржыландырады. Жалпы, бұл жоба бойынша ең алдымен Қазақстанның транзиттік әлеуеті арта түседі. Мәселен, қазіргі күні еліміздегі транзит арқылы жылына 13 млн. тонна жүк тасымалы өтеді. Ал «Батыс Қытай-Батыс Еуропа» жобасы салынып біткеннен соң,  жүк тасымалы үш есеге артып, жылына 33 млн. тоннаға дейін барады», деді Ә. Құсайынов.

Министрдің айтуына қарағанда жобаның «Оңтүстік Қазақстан облысы шекарасы - Тараз» учаскелік бөлігі бойынша бір шақырымға кететін шығын 3 млн. долларды құрайды. «Жалпы аталған ауқымды дәліз бойынша ең күрделі әрі қауіпті аймағы басым өңір осы Жамбыл, Оңтүстік Қазақстан аймағы болып отыр. Бұл автожолдардың қауіпті бұрылыстары да, көпірлері де жетерлік. Сондықтан да осы учаске төрт жолақты болып, бетонмен салынады. Сапалық мерзімі бойынша осы учаскелер 20 жыл қайта жөндеусіз қызмет етеді деп жоспарлап отырмыз», деді Ә. Құсайынов.

Естеріңізге сала кетейік, «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» халықаралық дәліз жобасы 2012 жылға таман толық аяқталып, іске қосылады деп жоспарланған.