«Батыс Еуропа-Батыс Қытай» дәлізінің қазақстандық бөлігін басып өткен автошеру елордаға келді
«Автошеру 7 күнге созылды. Қорғас бекетінен басталған шара Алматы, Тараз, Шымкент, Түркістан, Қызылорда және Жезқазған арқылы өтіп, Астанаға келді. Негізгі мақсат - халықаралық дәліздің құрылысына шолу жасау. Себебі, бұл теңдессіз жоба. Біз күре жол бойындағы тұрғындарға, әсіресе жастарға көлік дәлізі пайдалануға берілгеннен кейін олардың адында логистикалық және кәсіпкерлік тұрғысында қандай мүмкіндіктер ашылатындығы жөнінде айтуға тырыстық», дейді AllurAuto автокөлік компаниясы тобы және «Жасыл ел» экологиялық жастар қозғалысының бірлесе жасаған шеру жайында автокөлік компаниясының бас директоры Андрей Лаврентьев.
Экипаж жүріп өткен жолдың жалпы ұзындығы - 3 мың шақырым. Жорыққа қатысушылар Қостанай қаласында жасалған қазақстандық «Ssang Yong» жаңа автокөліктерін мініп шыққан.
Осылайша отандық автобизнес өкілдері жергілікті жұртты халықаралық күре жол бойында қазіргі заманғы көлік-сервис инфрақұрылымын құру идеясына тартуды және қазақстандық автокөліктерді алғашқы сынақтан өткізуді көздеген.
«Бұл жол бағзы замандарда Қазақстан жерінде болған Жібек жолының сүрлеуі және біз қазіргі таңда еліміздің сол кездегі логистикалық әлеуетін қайта жандандыруға талпынып жатырмыз», деп атап көрсетті А. Лаврентьев.
Оған SsangYong маркалы 5 көлік қатыстырылды. Жол таңдамай жүретін көлік жүргізушілерінің сөзіне қарағанда, шеру барысында бұл автокөліктерден еш ақау, мін табылған жоқ.
«Жасыл ел» қозғалысының белсенділерінен, «Аллюр авто» компаниясының басшылығынан, журналситерден құралған экипаж мүшелері автошеру барысында балалар интернаттарының тәрбиеленушілерімен, ЖОО-ның студенттерімен және жол бойында орналасқан елді мекен тұрғындарымен кездесті.
«Менің пікірімше, бизнес ретінде біз әлеуметтік жауапкершілік аясында дұрыс патриоттық қадам жасадық. Екіншіден, біз қазақстандық автокөлік өндірісінің сапасын тексердік», деп түйіндеді сөзін «Аллюр авто» компаниясының бас директоры.