«Батыс Еуропа - Батыс Қытай» халықаралық дәлізінің бір бөлігі ақылы болады
АСТАНА. Қазанның 5-і. ҚазАқпарат /Жасұлан Аманбайұлы/ - «Батыс Еуропа - Батыс Қытай» халықаралық дәлізінің Қорғас - Алматы және Шымкенттен Өзбекстан шекарасына дейінгі жол бөліктері көлік қозғалысы үшін ақылы болады.
Бұл туралы бүгін баспасөз мәслихатында Көлік және коммуникация министрлігі Автомобиль жолдары комитеті төрағасының орынбасары Нұрлан Өмірбаев айтты.
«Себебі жолдың бұл бөліктері жеке инвесторлардың қаржысына салынып жатыр. Екі-үш жыл құрылысқа шығындаған қаржыны олар 20 жыл уақыт аралығында жол құны ақталғанша алып отырады», дейді ол.
Алматы-Қорғас жолының жалпы ұзындығы 301 шақырым. Ташкент-Шымкент-Жамбыл облыстарының шекаралары аумағындағы концессиялық, яғни ақылы жол бөлігі 209 шақырым. Мамандардың пікірінше, бұл жолдың транзиттік әлеуеті зор. Қытайдан Батыс Еуропаға беттеген жүк керуені мол. Сондықтан бұл жолға инвестор да табылады, әрі инвестордың салған қаржысы да тез арада қайтады.
«Батыс Еуропа - Батыс Қытай» жобасының Ресей аумағындағы бөлігінде де ақылы жол учаскелері болады. Мәселен, Санкт-Петербор мен Мәскеу аралығы, сонымен қатар Татарстан аумағымен өтетін жолдар да жеке инвесторлардың меншігі.
Әзірге бұлардың нақты ақысы мен төлем жүйесінің қандай болатыны анықталмаған.
Солтүстiкте ақырғы нүктесi Санкт-Петербургте, оңтүстiкте соңғы аялдамасы Қытайдың Ляньюнгань айлағында аяқталатын 8 445 шақырымдық «Батыс Еуропа - Батыс Қытай» трансқұрлықтық көлiк дәлiзiнiң 2 787 шақырымы елiмiздiң 5 облысы аумағымен өтедi.
Жобаның Қазақстандағы бөлігі 2013 жылы аяқталуы тиіс. Қытайдағы құрылыс 2011-2012 жылдары пайдалануға берілмек.