«Батыс Еуропа - Батыс Қытай» халықаралық жол дәлізі Елбасының халықтың ахуалын көтеруге бағытталған еңбегінің жемісі - Елеусін Сағындықов

АЛМАТЫ. Маусымның 26-сы. ҚазАқпарат /Ербол Азанбек/ - «Батыс Еуропа - Батыс Қытай» халықарарлық жол дәлізі Қазақстан Президентінің халық ахуалын көтеруге бағытталған еңбегінің жемісі.
None
None

«Батыс Еуропа - Батыс Қытай» жол құрылысына арналған БАҚ шеруінің барысында журналистермен кездескен Ақтөбе облысының әкімі Елеусін Сағындықов осылай деді.

Облыс әкімінің айтуынша, бұл жоба аяқталса, алдағы 2-3 жылдың көлемінде-ақ Ақтөбе облысының экономикасы 15-20 пайызға көтеріледі Сондай-ақ, бірқатар әлеуметтік мәселелер қазірдің өзінде шешімін табуда. Мәселен, Ырғыз ауданы мен Қызылорда облысының шекарасына дейінгі жол бұрын жүргізушілерге қиындық тудырып келсе, ендігі уақытта ары-бері қиындықсыз қатынауға мүмкіндік береді.

«Қазір бұл жолдың 87 шақырымы ғана қалды. Ал Ақтөбе мен Ырғыз ауданына дейінгі 22-23 шақырым жөнделмеген жол бар. Бұлар биыл жөндеуден өтеді. Жалпы алғанда, келесі жылға Ақтөбе мен Ресей шекарасына дейінгі 100 шақырым ғана жол қалады», деді облыс әкімі.

Оның айтуынша халыққа тағы бір көмек - жобаның басталуымен жаңа жұмыс орындары ашылуда. Мәселен, облыста 14 құрылыс индустриясы компаниясы жұмыс істеп жатыр. Мұндағы жұмысшылардың басым бөлігі жергілікті тұрғындар. Мұнымен қатар Ақтөбеден Ресей шекарасына қарай 14 көпір салынады екен. Бұл нысанда 2 мыңға жуық адам жұмыс істеп жатыр. Облыс әкімінің айтуынша «Батыс Еуропа - Батыс Қытай» жолы Ақтөбе облысының 621 шақырым аумағын басып өтеді. Қазір оның 434 шақырымы салынған. «Жалпы, Ақтөбе облысы аумағы жолдарындағы жұмыстар келесі жылы аяқталып, мерзімінен бұрын пайдалануға беріледі», деді облыс әкімі.

Ал ҚР Көлік және коммуникация министрі Әбілғазы Құсайыновтың айтуынша Ақтөбе облысындағы ең қиын участок, жүргізушілер арасында «өлім алқабы» аталып кеткен 215 шақырымдық жолдың күрделі жөндеуі биыл аяқталады. «2 жыл бойы салынып жатқан жол құрылысы мерзімінен бұрын бітеді. «Батыс Европа-Батыс Қытай» жолының арқасында халық оның бұрынғы атауын ұмытады. Енді бұл жолдың «өмір жолы» деп аталатынына сенемін» деді министр.

Соңғы жаңалықтар