Батыс Еуропа - Батыс Қытай» магистралінің келер жылға жоспарланған 806 шақырымының 100 шақырымы пайдалануға берілді

АСТАНА. 19 желтоқсан. ҚазАқпарат - Батыс Еуропа - Батыс Қытай» магистралінің келер жылға жоспарланған 806 шақырымының 100 шақырымы биылдың өзінде-ақ пайдалануға берілді.

Батыс Еуропа - Батыс Қытай» магистралінің келер жылға жоспарланған 806 шақырымының 100 шақырымы пайдалануға берілді

Бұл туралы бүгін ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметі ұйымдастырған брифингте ҚР Көлік және коммуникация министрі Асқар Жұмағалиев мәлім етті.

«Батыс Еуропа - Батыс Қытай» магистралінің биылғы жоспарланған 700 шақырымының орнына 800 шақырым жол салдық. Қазір бұл жол пайдалануға берілді», - деді ол.

Министрдің атап өтуінше, соның нәтижесінде келесі жылға салынуы жоспарланған  806 шақырымның 100 шақырымында биылдың өзінде-ақ көлік қозғалысына жол ашылды.

«Жалпы республикалық жолдар бойынша биыл 4,2 мың шақырым жолда құрылыс және жөндеу жұмыстары жүргізілді. Алдағы жылы 4,6 мың шақырым жолды жөндеу жұмыстарымен қамтуды жоспарлап отырмыз», - деді А.Жұмағалиев.

Жалпы миинстрлік таратқан ақпаратқа қарағанда, «Батыс Еуропа - Батыс Қытай» магистралі құрылысына 21 бас мердігер, 66 қосалқы мердігер компания, 35 мыңнан астам жол құрылысшылары жұмылдырылып, 4,5 мыңнан астам техника, 34 астфальт бетонын, 32 цемент бетонын шығаратын зауыт және 37 тас уатқыш қондырғы тартылған.