«Батыс Еуропа-Батыс Қытай» жобасы аясында Ақтөбе, Қызылорда, Жамбыл облыстарында 14 529 адам еңбек етуде
; АЛМАТЫ. Маусымның 28-і. ҚазАқпарат /Ербол Азанбек/ - «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» жобасы бойынша Ақтөбе, Қызылорда, Жамбыл облыстарында жол құрылысы қызу жүріп жатқан учаскелерде 14 529 адам еңбек етуде.
Бұл туралы «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» дәлізі бойымен өткен баспасөз туры барысында белгілі болды.
Бұлардың 285-і шетелдік азаматтар болса, Қазақстанның әр аумағынан 6410 адам, қалғандары жергілікті азаматтар. Естеріңізге сала кетейік бұған дейін ҚР Көлік және коммуникация министрі Әбілғазы Құсайынов жоба толық жұмыс істей бастаған уақытта 50 мың адам жұмыспен қамтылатынын атап өткен болатын. Оның айтуынша, жоба бойынша барлық өңірде құрылыс жұмыстарының қызған шағы 2011 жыл болады. Осы кезеңде жол құрылысы учаскелерінде 50 мыңға жуық адам еңбек етпек.