«Батыс Еуропа - Батыс Қытай» жобасын іске асыру басты назарда -ККМ

АСТАНА. 29 сәуір. ҚазАқпарат - 28 сәуірде Көлік және коммуникация министрі Берік Камалиев «Батыс Еуропа - Батыс Қытай» жобасының іске асырылу барысы бойынша отырыс өткізді.
None
None

Онда Автомобиль жолдары комитетінің төрағасы Замир Сағынов осы мәселе бойынша ақпарат берді, деп хабарлады ведомствоның баспасөз қызметінен.

Замир Сағынов өз сөзінде 2010 жылы жобаны іске асыру барысында 417 шақырым жол асфаль-бетон жамылғысының астыңғы қабаты салынғандығын атап өтті, оның ішінде, Ақтөбе облысында - 143 шақырым, Қызылорда облысында - 194 шақырым, Жамбыл облысында - 80 шақырым.

Ағымдағы жылы шамамен 161,2 миллиард теңгені игеру жоспарлануда. Қазіргі күні құрылыс жұмыстары жолдың 1 615 шақырым бойында жүргізілуде. Осы жұмыстарды 19 бас мердігерлік компания (оның ішінде 5 қазақстандық компания («Каздорстрой» ЖШС, «АқмолаҚұрылыс материалдары» ЖШС, «К-Дорстрой» АҚ, «КСС/ЖамбылЖолҚұрылыс» (Корея/Қазақстан) БК, «Кпри/Сейсер» (Кувейт/Қазақстан)) және 98 отандық шағын мердігерлік ұйымдар атқаруда.

Естеріңізге сала кетейік, ұзындығы 2 787 шақырымды құрайтын «Батыс Еуропа - Батыс Қытай» дәлізі Қазақстан Республикасының 5 облысын басып өтеді. 2 452 шақырым жол қайта салуды қажет етеді, оның ішінде Ақтөбе облысында - 355 шақырым, Қызылорда облысында - 812 шақырым, Оңтүстік Қазақстан облысында - 448 шақырым, Жамбыл облысында - 495 шақырым, Алматы облысында - 342 шақырым. Жобаның жалпы құны - 825 миллиард теңге.

Отырысты қорытындылай келе, министр Б. Камалиев автомобиль жолдары комитетіне осы жоба бойынша ағымдағы жылғы жоспарланған барлық шараларды уақытында орындауды, сонымен қатар, қаржыландыру, жер сатып алу және карьер орындарын рәсімдеу мәселелерін тез арада шешуге басты назар аударуға тапсырды.

Соңғы жаңалықтар