«Батыс Еуропа - Батыс Қытай» жобасын жүзеге асыру мәселелері бойынша селекторлық кеңес өткізілді
АСТАНА. 23 маусым. ҚазАқпарат - Кеше, 22 маусымда Қазақстан Республикасы Көлік және коммуникация министрі Берік Камалиев «Батыс Еуропа - Батыс Қытай» жобасын жүзеге асыру мәселелері бойынша селекторлық кеңес өткізді.
Кеңеске Ақтөбе, Қызылорда, Алматы, Оңтүстік Қазақстан және Жамбыл облыстық әкімшіліктері мен басқармаларының жетекшілері, автомобиль жолдары комитетінің облыстық департаменттері мен мердігерлік ұйымдардың жетекшілері қатысты.
Селекторлық кеңес барысында жер кеніштерін ресімдеу, жер телімдерін сатып алу мәселелері мен жобаның жүзеге асырылу барысы талқыланды.
2011 жылы 161 млрд. теңгені игеріп, 730 км жолды салу (соның ішінде 275 км - І техникалық категория, 455 км - ІІ техникалық категория) жоспарланып отыр.
Қазіргі таңда 1615 км бойында мердігерлік ұйымдар құрылыс жұмыстарын жүргізуде. 5 учаске бойынша байқау процедуралары өткізілуде.
21 маусымдағы жағдай бойынша жобаға 5 мың дана жол-құрылыс техникасы, 31056 адам, олардың ішінде 30572 қазақстандық пен 484 шетелдік жұмылдырылған. 2011 жылға арналған негізгі жол-құрылыс материалдарының 51%-дан астамы дайындалған.
Бүгінде ұзақтығы 215 км болатын Қарабұтақ - Ырғыз учаскесінде құрылыс жұмыстары аяқталды.