«Батыс Еуропа - Батыс Қытай» жобасының сайты жасалды
АЛМАТЫ. Маусымның 25-і. ҚазАқпарат /Ербол Азанбек/ - «Батыс Еуропа - Батыс Қытай» жобасының сайты жасалды. Бұл туралы «Батыс Еуропа - Батыс Қытай» автожолы бойымен өтіп жатқан баспасөз туры барысында журналистермен кездесуде Қазақстан Республикасының Көлік және коммуникация министрі Әбілғазы Құсайынов айтты.
www.europe-china.kz деп аталатын сайт шілденің бірінен бастап жұмыс істейді. Сайттың мақсаты жаһандық жобаны ақпарат тұрғысынан қолдау, онлайн режимінде халықпен байланыс орнату. Сайтта танымдық материалдар, бейне- фотоматериалдар, бос жұмыс орындары, жобаға қатысушы компаниялар туралы ақпарат алуға болады. Сондай-ақ, сайтта Ұлы Жібек жолының тарихы, «Батыс Еуропа - Батыс Қытай» күре жолындағы тарихи ескерткіштер туралы ақпараттар да берілмек. Жол дәлізі өтетін қала мен елді мекен тұрғындарына да қатысты ақпараттармен толықтырылып отырады.