Батыс Қазақстан қаламгерлері жылды қорытындылады

ОРАЛ. ҚазАқпарат – Қадыр Мырза Әли атындағы облыстық мәдениет және өнер орталығында БҚО қаламгерлері жылды қорытындылады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Батыс Қазақстан қаламгерлері жылды қорытындылады

Жиынды ашқан Қазақстан Жазушылар одағы БҚО филиалының директоры, ақын Бауыржан Халиолла атқарылған жұмыстарға қысқаша шолу жасап, жаңа жылда алда тұрған мақсат-міндеттердің бұдан да ауқымды екендігін айтты.

Облыс әкімінің орынбасары Серік Егізбаев биыл өңірде қазақтың ақиық ақындары, Қазақстан халық жазушылары Жұбан Молдағалиев пен Қадыр Мырза Әлидің мерейтойлары кең көлемде аталып өткенін, жазушы пікірі қоғам үшін қашанда маңызды екендігін, сондықтан бірлесіп іс тындырса, алынбайтын асу жоқтығын жеткізді.

Қорытынды іс-шараға Алматыдан арнайы келген Қазақстан Жазушылар одағы басқарма төрағасының орынбасары, белгілі жазушы Мереке Құлкенов филиал директоры Бауыржан Халиолланың аз уақыт ішінде қолынан іс келетінін көрсете білгенін, өңірдегі қаламгерлердің мойны озық туындыларын республика көлемінде насихаттай білу керектігін айтты.

«Әдебиет барда рух бар. Достоевский айтқандай, әлемнің барлығы әдебиетке келіп тіреледі. Қай жағынан қарасаң да, әдебиетке тірелмейтін ештеңе жоқ. Әдебиеті жоқ ел ешкімге әсер ете алмайды. Ешкімге тәрбие бере алмайды, ешкімге қой деп басу айта алмайды. Мықты әдебиеті бар ел ғана алға басады», деді Мереке Әбдешұлы.

Орал қаласының әкімі Абат Шыныбеков Абайдың 175 жылдығына орай шаһардағы бас даңғылдың біріне ұлы ақынның есімі беріліп, Абай алаңының күрделі жөнделіп, қайта жаңғырғанына тоқталды.

Жиын барысында Қазақстан Жазушылар одағына жаңадан қабылданған ақындар Ұлдай Сариева, Талап Қуаныш, Қазбек Қабжанов, Талғат Мықи және Айбол Исламғалиевке мүшелік билеттері табыс етілді.

Сондай-ақ бір топ қаламгерлерге БҚО әкімі Ғали Есқалиевтің, Қазақстан Жазушылар одағы басқарма төрағасы Ұлықбек Есдәулеттің алғысхаттары, «Абай» мерейтойлық медалі, Қазақстандық салалық мәдениет, спорт, туризм және ақпарат қызметкерлері кәсіптік одағының марапаттары тапсырылды.

Ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Айтқали Нәріковтің 80 жасқа толуына орай ұйымдастырылған «Ақ Жайықтың Айтқалиы» атты жыр мүшәйрасының бас жүлдесі жас ақын Марлен Ғилымханға берілді.