Батыс Қазақстан мен Алматы қаласында спортшылардың оқу-жаттығуына бөлінген қаржыны жымқырған басшылар қамауға алынды

АСТАНА. 4 маусым. ҚазАқпарат - Ағымдағы жылғы 27 сәуірде Батыс Қазақстан облысы бойынша Қаржы полициясы департаментінің қызметкерлері облыстық Туризм және спорт басқармасының бастығы М.Ондағановты қамауға алды.
None
None

Ол «Ақжайық» хоккей клубы мүшелерінің іссапарына бөлінген 17 млн.теңгеден астам бюджет қаражатын ұрлады деп айыпталуда. Бұл туралы ҚР Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінің баспасөз қызметінен мәлім етті.

«2013 жылғы 13 мамырда Ондағановқа қатысты қылмыстық істер Ұлттық қауіпсіздік комитетінің тергеушісі басқаратын ведомствоаралық тергеу тобына одан әрі тергеу үшін тапсырылды», - делінген таратылған баспасөз айғағында.

Сондай-ақ Алматы қаласының Қаржы полициясы департаменті «Алматы» әйелдер волейбол командасының директоры С.Нұрпеисоваға қатысты команданың 2009-2010 жылдары оқу-жаттығу жиындарын өткізуге бөлінген 10 млн. теңгеден астам бюджет қаражатын ұрлау фактісі бойынша қылмыстық іс қозғады.

Сот қарауы барысында Нұрпеисова айыбын түгел мойындап, келтірілген залалды толық мөлшерде өтеді. Ол шартты түрде 3 жылға бас бостандығынан айыруға сотталды.

Оған қоса, Алматы қалалық Қаржы полициясы департаменті Алматы қаласының велосипед спортын дамыту бойынша спорттық клубтың директоры В.Осиповқа қатысты қылмыстық істі тергеуде. Ол қызметтік жалғандық жасау арқылы Қырғызстан Республикасындағы Шолпан-Ата қаласында 12 спортшы мен 2 тренердің оқу-жаттығу жиындарын өткізуге бөлінген 1,5 млн. теңгеден астам ақшаны ұрлады деп күдіктелуде.

Соңғы жаңалықтар