Батыс Қазақстан облысына қарасты ауылдардың бірінде соғыс кезінен қалған оқ-дәрілер табылды
АСТАНА. Желтоқсанның 9-ы. ҚазАқпарат - Сейсенбі күні Батыс Қазақстан облысы Бөкейордасы ауданы, Шоңғай кентінен 500 метр қашықтықтағы аумақта шұғыл-алдын алу шараларын жүргізу барысында Ұлы Отан соғысы кезінен қалып қойған оқ-дәрілер табылды,
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Төтенше жағдайлар министрлігінен хабарлағандай, табылған оқ-дәрілердің ішінде 2 артиллериялық снаряд (ұзындығы 48 см, диаметрі 12 см), авиациялық зымыранның 8 қалыбы (конус тәріздес аузы бар - 6 дана; аузы жоқ - 2 дана), 4 қанаты бар зымыран қалдықтары, сондай-ақ шұңқырдың ішінен авиациялық зымыранның «құйрығына» ұқсас зат табылды.
Оқ-дәрілер табылған жерді Бөкейордасы Ішкі істер бөлімінің қызметкерлері қоршауға алды.