Батыс Қазақстан облысында 232 мың тонна астық бастырылды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Батыс Қазақстан облысында 232 мың тонна астық бастырылды. Бұл туралы бүгін ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Батыс Қазақстан облысының әкімі Нұрлан Ноғаев мәлім етті.

Батыс Қазақстан облысында 232 мың тонна астық бастырылды

Н.Ноғаевтың атап өтуінше, облыстағы егіс алқабы 507 мың гектарды құрайды. Оның ішінде дәнді және бұршақ дақылдары 320 мың, майлы дақылдар 37 мың, көкөніс 5,8 мың, картоп 4,5 мың және көпжылдық шөп 138 мың гектар алқапқа егілген.

«Қазіргі таңда біз күздік және жаздық бидайымызды орып, қамбаларға жинап алдық. 320 мың гектардың 70 мың гектары күздік егіс алқабы болатын. Күздік егістік өнімділігі гектарына 16 центнерден айналды. Жаздық егістікпен бірге санағанда орташа гектарына 8 центнерден өнім алдық. Жалпы, 232 мың тонна астық жинадық. Облыстың қажеттілігі 110 мың тонна», - деді облыс басшысы.

Сонымен қатар әкімнің атап өтуінше, картоп, көкөніс және бақша өнімдері өткен жылмен салыстырғанда біршама жоғары болып отыр. Қазіргі уақытта облыста 29 көкөніс қоймасы бар. Олардың жалпы сыйымдылығы 35 мың тоннаны құрайды. Бұған қоса жыл соңына дейін сыйымдылығы 4,5 мың тоннаны құрайтын екі қойма іске қосылады.