Батыс Қазақстан облысында 443 мыңға жуық сайлаушы тіркелген
БҚО аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Ғайса Қапақовтың мәлім еткеніндей, соның 229 641-і Орал қаласының үлесіне тиеді.
Сондай-ақ Бәйтерек ауданында 39 286, Бөрліде 38 874, Теректіде 25 580, Ақжайықта 21 281 сайлаушы тізімге енгізілген.
Облыста барлығы 505 сайлау учаскесі болса, соның 123-і Орал қаласында орналасқан. Барлық учаскелерде сайлауға дайындық жұмыстары толықтай жүргізілді.
Орал қаласы әкімінің баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, 20 қараша – сайлау күні облыс орталығы мен шаһар маңындағы бағыттар бойынша автобустар тегін қатынайды.
«Қоғамдық көліктер күнделікті кестеге сәйкес жүреді. Оған қоса сол күні қала маңындағы саяжайлардан сағат 07.00-12.00 аралығында сайлау учаскелеріне дейін автобустар шығарылатын болады. Жалпы, 27 қалаішілік, 6 қала маңы және 10 саяжай бағыттары бойынша күн сайын 200-ден астам автобус жолға шығады. Сонымен қатар сайлау күні мүмкіндігі шектеулі жандар инватаксидің қызметін пайдалана алады. Қала бойынша 35 инватакси қызмет етеді», деп хабарлады қала әкімдігінен.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Батыс Қазақстан облысында 2140 мүгедектің сайлаушылар тізіміне енгізілгенін жазған болатынбыз.