Батыс Қазақстан облысында «Алтын таға» иегерлері анықталды

ОРАЛ. ҚазАқпарат - Орал қаласындағы Қадыр Мырза Әли атындағы мәдениет және өнер орталығында «Алтын таға» жылды қорытындылау іс-шарасы өтіп, үздік атбегілер марапатталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Батыс Қазақстан облысында «Алтын таға» иегерлері анықталды

БҚО «Бәйге» федерациясынан мәлім еткеніндей, биыл өңірде жалпы жүлде қоры 40 млн теңгені құраған 60-тан астам бәйге ұйымдастырылды.

Ақ Жайық атбегілері көршілес Ақтөбе, Атырау және Алматы, Астана қалаларында өткен бәйгелерде жүлделі орындарға ие болды. Өңірде бәйге спорты қарқынды дамып, аудан-ауылдарда шабандоздар мектебі қалыптасып келеді.


Іс-шарада сөз алған облыс әкімінің орынбасары Бақытжан Нарымбетов ұлттық спортты, соның ішінде бәйгені дамытып жүрген азаматтарға алғыс айта келе, алдағы уақытта федерация жұмыстарын біріздендіру, жарыстар өткізуді жүйелеу, жан-жақты қолдау бойынша бірқатар жоспарлар жасақталып жатқанын тілге тиек етті.

Жыл бойы бәйгелер ұйымдастырып, өткізу, ұлттық спортты қолдау бойынша үздік деп танылған Ақжайық, Теректі, Бөрлі аудандық федерациялары, елімізде тұңғыш рет өткен «Ұлы дала жорығы» бәйге-марафонында өңір намысын қорғаған «Ақ Жайық» командасының мүшелері БҚО әкімінің алғысхатымен марапаттады.


ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Ұлттық спорт түрлері орталығының бөлім басшысы Алтай Бимен Батыс Қазақстан облыстық «Бәйге» федерациясының жүйелі жұмысын, атбегілердің ауызбіршілігін, өзгелерге үлгі ететін істерін көріп отырғанын жеткізді.

«Ат спорты – фанатизммен дамитын спорт десе де, мемлекет әрқашан өз қолдауын көрсетеді. Министрліктің бұл бағытта ауқымды жоспарлары бар. Соның барлығын сіздермен бірлесе нәтижелі ұйымдастырамыз деген сенімдеміз», - деді ол.

Бұдан кейін Батыс Қазақстаннан түлеп ұшқан жас шабандоз, қазіргі таңда Қарағанды өңірінде бәйгеге шауып, екі мәрте ҚР Президент кубогінің иегері болған Мирлан Нұрболатовқа «Үздік шебер шабандоз» және федерация рейтингісі бойынша 2022 жылдың үздік шабандоздары атанған Айсұлтан Миразат, Ержігіт Жайықбай, Саят Серікбайға дипломдар мен алтын тағалар табыстадлы.


Алматыдан арнайы келген ҚР «Бәйге» федерациясының президенті Мұрат Өсербай өңірдің ат спортына елеулі үлесін қосқан, өзінен кейінгі атбегілерге ақыл-кеңесін беріп келе жатқан Құбайдолла Сасықпаев, Мұхтар Шүлиев, Марат Мұқтаровқа шапан жапты.

Федерацияның 2022 жылғы қорытындысы бойынша казталовтық Бекзат Омарғалиевтің «Ақжауын» атты тайы «Үздік тай», ақжайықтық Асхат Қамешовтың «Жұлдыз» ныспылы тұлпары «Үздік құнан» атанса, казталовтық Ербол Қиясовтың «Дүлдүлі» топ бәйгесінің үздігі, бәйтеректік Болат Жаңабаевтың «Сильвиясы» аламанның үздігі деп танылды, ал «Жылдың үздік бапкері» ретінде ақжайықтық Азаматов Бектас марапатталды.

Сонымен қатар өңірде спорттық аттарды сұрыптап, қолтума аттарды өзіміздің отандық өнім ретінде дамытуды қолға алып жүрген теректілік Әміржан Бекенов, казталовтық Нұрболат Әдиетов, тасқалалық Наурызғали Аяпбергеновке «Qazaq Golden Steed» компаниясының алғысхаттары табысталды.

Кеш барысында облыстық «Бәйге» федерациясының президенті Берік Есенғалиев өңірде бәйгелер ұйымдастыру жүйелі жолға қойылғанын, 2022 жылы жарыстарды өткізуде аудан әкімдіктері мен өңірдің белгілі кәсіпкерлері үлкен қолдау көрсеткенін айта келе, ұлт спортына жанашыр бірақатар азаматтарға, ат спортына ерекше ынта-ықыласын танытып жүрген жас атбегілерге, бәйгеге шауып жүрген шабандоздарға алғысхаттар ұсынды.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын «Жайық жүйрігі-2022» атты БҚО ашық чемпионаты мәресіне жеткенін жазған болатынбыз.