Батыс Қазақстан облысында үздік спортшылар мен бапкерлер марапатталды
ОРАЛ. ҚазАқпарат – Қадыр Мырза Әли атындағы облыстық мәдениет және демалыс орталығында жыл қорытындысына арналған жиын болып, онда үздік спортшылар мен бапкерлер марапатталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Жиында БҚО Дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Қаймен Есендияровтың атап өткеніндей, биыл карантиндік шектеулерге байланысты көптеген спортшылар әлемдік, халықаралық жарыстардан тыс қалып, өз деңгейлерін көрсете алмады.
Соған қарамастан, батысқазақстандық спортшылар Қазақстан чемпионаттарында жоғары нәтижелерге қол жеткізе білді.
Атап айтқанда, әйелдер күресінен Рио олимпиадасының қола жүлдегері Екатерина Ларионова Қазақстан чемпионатында екінші, Анастасия Панасович үшінші орынға ие болды.
Таяуда ғана Ақтау қаласында ересектер арасында дзюдодан мәреге жеткен ел біріншілігінде Аңсарбек Ғайнуллин күміс, Тоқтар Үмітәлиев пен Гүлдана Әлмұханбетова қола медальді жеңіп алды.

Жылдың басты сенсациясы – 18 жастағы Даниял Сәбит Шымкент қаласында ерлер арасында өткен ҚР чемпионатында айды аспанға шығарып, 49 кг салмақта жеңімпаз атанды. Сөйтіп ол Азия, әлем біріншіліктерінде ел намысын қорғауға мүмкіндік алды.
Сондай-ақ гроссмейстер Мұртас Қажығалиев Алматыда классикалық шахматтан Қазақстан чемпионаты мен ел кубогы үшін өткен жарыста топ жарды.
Адам мүмкіндігінің шегі жоқтығын марафоншы Баубек Ілиясов көрсетті. Ол Тәуелсіздік мейрамына орай Оралдан Шыңғырлау ауданы Ақсуат ауылдық округіндегі сарқырамаға дейінгі 230 шақырым қашықтықты тоқтаусыз жүгіріп өтті.

«Қазақстан Президенті биылғы Жолдауында бұқаралық спортты дамыту керектігін, соның ішінде өңірлерде спорт кешендерін салу, оларды халықтың игілігіне беріп, қолжетімді ету қажеттігін атап көрсеткен болатын. Осыған орай облыс әкімінің өкімімен санитарлық талаптарды сақтай отырып, мектептердің, колледждердің спорт залдары жұмыс күндері кешкі уақытта, сенбі, жексенбіде күні бойы тұрғындарға дене шынықтыру үшін беріліп отыр. Бұл да – спортпен айналысамын деушілерге қосымша мүмкіндік», деді Қаймен Есендияров.
Оның айтуынша, алдағы жыл олимпиада жылы болғандықтан, спортшылар мен бапкерлерге жолдама жеңіп алу үшін тынбай еңбектенуге тура келеді.

Әзірге Батыс Қазақстан облысынан спорттық жүрістен Георгий Шейко мен су добынан ұлттық құрама қақпашысы Павел Липилинде жолдама бар. Лицензиядан ескек есу шебері Андрей Ергучев және басқа спортшылар үмітті.
Жиын барысында сала үздіктеріне облыс әкімінің алғысхаттары, ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің, облыстық басқарманың марапаттары табыс етілді.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын батысқазақстандық желаяқтың 230 шақырым қашықтықты жүгіріп өткенін жазған болатынбыз.
