Батыс Қазақстан облысындағы киіктердің жаппай қырылуына байланысты қылмыстық іс қозғалды

АСТАНА. Мамырдың 27-сі. ҚазАқпарат /Марлан Жиембай/ - Батыс Қазақстан облысындағы киіктердің жаппай қырылуына байланысты қылмыстық іс қозғалды.
None
None

Бұл туралы бүгін ҚР Бас прокуратурасының ресми өкілі Нұрдәлет Сүйіндіков БАҚ өкілдерімен болған баспасөз мәслихаты барысында айтты.

«Батыс Қазақстан облысындағы ақбөкендердің жаппай қырылуына байланысты кеше, мамырдың 26-сы күні БҚО прокуратурасы ҚР ҚК 289 бабына сәйкес, жануарлар әлемін қорғау ережесінің бұзылуы фактісі бойынша қылмыстық іс қозғады», деп мәлім етті ресми өкіл.

Оның айтуынша, қазіргі уақытта жануарлардың жаппай қырылуы олардың пастереллез жұқпалы ауруына шалдығуы себеп ретінде қарастырылуда. Алайда себеп-салдарын анықтау барысында бірқатар сараптамалардың жүргізілуі қажеттігін ескере отырып және басқа да жайттардың болу-болмауын анықтау мақсатында қылмыстық іс қозғалғанын атап өткен ол: «осы жайттар қылмыстық істі тергеу барысында анықталатын болады. Тергеу ішкі істер органдарына тапсырылды. Оның жүргізілуі облыстық және ҚР Бас прокуратурасының қадағалауында болады», деді.

Н.Сүйіндіковтің сөзіне қарағанда, Бас прокуратура ақбөкендердің жаппай қырылуының мүмкін болатын бірнеше нұсқаларын қарастырып отыр. Жануарлар әлемін қорғау, өндірістік үрдістерді жүзеге асыру ережелерінің, сонымен қатар өсімдіктерді қорғау барысында қолданылатын минералдық тыңайтқыштарды дұрыс пайдаланбау киіктердің жаппай қырылуына себеп болуы мүмкін.

Соңғы жаңалықтар