«Батыс Қазақстан облысының барысы» анықталды
ОРАЛ. ҚазАқпарат - Ақсай қаласында «Батыс Қазақстан облысының барысы» анықталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Қазақстан барысы» турнирінің облыстық кезеңі алғаш рет Ақсайда өтіп, оған аудандардан бір-бірден және Орал қаласынан екі палуан қатысып, бақ сынады.
Барынша қызу өткен сайыс барысында күтпеген нәтиже де болмай қалған жоқ. Мысалы, өткен жылы «Қазақстан барысы» турниріне қатысқан қазталовтық Ерназар Хамзин ширек финалда сырымдық Асқар Нұрмұхановтан жеңіліп қалды.
Биылғы жарыстағы жаңа есім деп оралдық жиырма жасар Бекайдар Меңдешевті айтуға болады. Ол жартылай финалға дейін сүрінбей жеткенімен, содан кейін отыз бір жасар тәжірибелі палуан А.Нұрмұхановқа есе жіберді. Екінші жартылай финалда Бөрлі ауданының өкілі Темірлан Көлбай тағы бір оралдық Олжас Сүлейменовті ұтты.
Қола жүлде үшін бәсеке аса тартысты өтіп, негізгі уақытта екі палуан тең түскеннен кейін қоян-қолтық белдесуде Б.Меңдешевтің бағы жанды.
Финалда салмағы шамалас Т.Көлбай мен А.Нұрмұханов күресті. Темірлан - небәрі 23 жаста болғанымен, бұдан бұрын «Қазақстан барысы» турниріне қатысып үлгерген әрі дзюдодан да олжа салып жүрген Қазақстан құрамасының мүшесі. Бұл белдесуде де ол қарсыласын таза жеңіп, «Батыс Қазақстан облысының барысы» атанды. Сөйтіп ол А.Нұрмұхановпен бірге шілде айында Елбасы жүлдесі үшін Астанада өтетін «Қазақстан барысы» турниріне жолдама алды.
Айта кетейік, 2017 жылы «Қазақстан барысына» БҚО-дан Т.Көлбай мен Е.Хамзин қатысқан болатын.