Батыс Қазақстан облысының бюджеті 4,7 млрд теңгеге нақтыланды
Облыстық мәслихаттың кезектен тыс 13-сессиясында БҚО экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Қайсар Маңқараевтың мәлім еткеніндей, соның ішінде 762 млн теңге әлеуметтік салаға бағытталып отыр. «Білім туралы» ҚР Заңына енгізілген өзгертулер мен толықтырулар негізінде жоғары оқу орындарында 200 жасты жергілікті бюджет есебінен оқыту үшін білім беру гранттарын белгілеуге 45 млн теңге қаралды. Ақжайық ауданындағы аграрлық-техникалық колледж ғимаратын күрделі жөндеуге 26 млн, Бөкей ордасы мен Орал қаласында екі білім нысаны құрылысын жалғастыруға 153 млн, облыс орталығында 10 кешен мен 10 ойын алаңын салуға 353 млн, Зеленов ауданында дене шынықтыру-сауықтыру кешені құрылысын аяқтауға 94 млн, сондай-ақ Оралда 6 білім нысанының жобалық-сметалық құжаттамасын жасауға 9 млн теңге бөлінді. 10 млн теңгеге Қазталов ауданы орталығы Қазталов ауылында музыка мектебі ғимаратының құрылысы басталмақшы.
Ауыл шаруашылығы мен қоршаған ортаны қорғау саласына 200 млн теңге қарастырылып, сол қаржының бір бөлігі эпизоотиялық шараларды жүргізуге, Жәнібек ауданында суармалы жерді қайта құруға жұмсалмақшы.
Кәсіпкерлікті қолдауға 758 млн теңге бағытталса, соның ішінде 558 млн теңге нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы аясында қосымша бюджеттік несие беру үшін бөлінді.
Коммуналдық шаруашылық саласының үлесіне 743,2 млн теңге тиіп, соның ішінде Ақжайық, Жаңақала, Тасқала, Шыңғырлау, Қазталов аудандарында 6 су құбырын тартуға 281,4 млн теңге, Сырым ауданы Тоғанас ауылында әлеуметтік мекемелерді газдандыруды бастауға 24 млн теңге берілді.
Қазіргі таңда Орал қаласында жол құрылысы қарқынды жүргізіліп жатқаны белгілі. Бұл жолы қала көшелерін жарықтандыру мен жол-көпір шаруашылығын күтіп ұстауға 350 млн теңге, көліктік инфрақұрылымды дамытуға 437,7 млн теңге, соның ішінде қалаішілік жолдарды орта және күрделі жөндеуді бітіруге 402 млн, оған қоса 15 автокөлік жолына жобалық-сметалық құжаттама жасау және мемлекеттік сараптамадан өткізу үшін 36 млн теңге қарастырылды.
Айта кетейік, сессия барысында соғыс және еңбек ардагері Мұхтар Әжіғұлов, ақын Ақұштап Бақтыгереева, альпинист Мақсот Жұмаев және облыстың бұрынғы әкімі Нұрлан Ноғаев «Батыс Қазақстан облысының құрметті азаматы» атағына ұсынылып, оны депутаттар мақұлдады.